Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қарағанды саябағында мозаика мүсіндер қалпына келтірілді

2021 жылдың 19 тамыз 2021 20:37

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандының Орталық саябағындағы мозаика мүсін алғашқы қалпына келтірілді. Нұрлан Смағұлов қорының қаржылай қолдауымен «Теңіз ертегісі» мен «Отбасы» мүсіндері қалпына келтірілді. Жобаны Қарағанды облысының әкімдігі де қолдады, ал урбанистика орталығы бастамашы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш саябақ мүсіндері ұзақ уақыт жөндеуді қажет етті. Жабынның тұтастығы бұзылды, смальта бойында жарық пайда болған, тұғырлар қираған, блоктардың арасынан шөптер өсіп шыға бастаған.

Қалпына келтіруге кіріспес бұрын қызметкерлер мүсін авторларының жазбаша келісімін алды. Қалпына келтіруге мозаика авторларының бірі Виктор Арент қатысты. Смальтаның (түрлі түсті әйнек, балқыту кезінде металл оксидін қосып түрлі түске бояу арқылы алынады) түпнұсқасы, сондай-ақ алдын-ала жасалған смальта элементтері қолданылды. Тұғырларға күрделі жөндеу жүргізілді.




Мүсіндердің өздері ғана емес, сонымен қатар аумақтары да ретке келтірілді. Шамдар орнатылып, қырлы тас төселді, тротуар жол салынды. Сондай-ақ, гүлзар құрылды, ағаштар отырғызылды, айналасына көгал шөп егілді. Автоматты түрде суару жүйесі орнатылды. Жақын маңдағы ағаштар да ретке келтірілді – олардың жанында жиек тастан гүлзар жасалды.

Әрбір мүсіннің жанында QR коды бар ақпараттық тақтайша орнатылды.

«Мозаика қарағандылықтар үшін ерекше мұра, естелік ретінде өте маңызды нысан. Қарағанды – монументалды өнердің саны мен сапасы жағынан ең бай облыс. Біз оны есте сақтап, мақтануымыз керек. Бұл біздің қарағандылық екенімізді білдіреді. Жақын арада урбанистика орталығының сайтында облыстың барлық мозаикасы бойынша қысқаша сипаттамасы бар карта орналастырылады», – дейді Қарағанды урбанистика орталығының суретшісі және жетекшісі Шыңғыс Қасымов.














Жоғары қарай