Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қарағанды полицейлері асылып өлмек болған ер адамды құтқарды

2021 жылдың 15 қыркүйек 2021 12:11

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды қаласының тәртіп сақшылары ер адамды өлімнен құтқарды. Ол өзіне қол жұмсамақ болған. Полицейлер оның мойнындағы жіпті шешіп үлгерген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

9 қыркүйекте Қарағанды қаласының ПБ патрульдік полиция полкінің Асхат Нұрғалиев, Бауыржан Құрманалиев және Ұлан Мұзапаров құрамындағы инспекторлар жасағы қаланың Киров секторында қызмет атқарған.

23.30 шамасында жедел басқару орталығынан 22-шағынаудандағы көпқабатты үйде отбасылық жанжал туындағаны туралы хабарлама келіп түсті.

«Біз аталған мекенжайға келгенде үйдің кіреберісінде бізді бір әйел қарсы алды. Қоңырау шалып, полицияға хабар бергенін мәлімдеді. Әйелдің айтуынша, оның бұрынғы күйеуі өз-өзіне қол жұмсамақ болған. WhatsApp желісі арқылы ер адам қоштасу хатын жазған және мойнындағы жіппен өзін-өзі суретке түсіріп, үлкен қызына жолдаған. Әйел оның нақты мекенжайын атай алмады, өйткені бұрынғы күйеуі жалдамалы пәтерде тұрады. Бірақ ол үй мен кіреберісті көрсете алды. Ол үй көрші 21-шағынауданда орналасқан», – дейді Асхат Нұрғалиев.

Полицейлер бұл жағдайда әр минут санаулы екенн жақсы түсінген. Көп ұзамай олар ер адам жалға алған пәтердің жанына жеткен.

Металл есікті қаққанымен, оларға ешкім жауап бермеген. Содан кейін тәртіп сақшылары пәтерге терезе арқылы кіруді ұйғарды.

«Әріптесім мені демеп жіберді де, мен терезеге шықтым. Оның форточкасы ашық болды. Мен оған кіріп, ас үйге өттім. Кіреберіс есікті ашып, серігіммен бірге пәтерді тексере бастадық. Жуынатын бөлменің есігін ашқанда ер адамның еденде мойнына оралған жіппен отырғанын көрдік», – дейді Бауыржан Құрманалиев.

Патруль қызметкерлері оның ілмегін шешіп, алғашқы медициналық көмек көрсеткен.

Ер адам өзіне келгенде сөйлеп, қозғала алды. Келген жедел жәрдем дәрігерлері оны тексеріп, өміріне қауіп жоқ екенін айтты.

Белгілі болғандай, ер адам қиын өмірлік жағдайға тап болған. Ол жақында әйелімен ажырасып, жұмыссыз қалған.

Полицейлер ер адамды туыстарының қарауына беріп, қызметін жалғастырды.


Жоғары қарай