Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қарағанды облысының өнеркәсіп алыптары жергілікті тауарларды көбірек сатып ала бастады

2021 жылдың 13 қазан 2021 18:30

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының өнеркәсіптік алыптары жергілікті өндіріс тауарларын көбірек сатып ала бастады. Өткен жылмен салыстырғанда олардың сатып алудағы үлесі 15%-ға өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жүйе құраушы кәсіпорындар арасында ең сұранысқа ие тауар жеңіл өнеркәсіп өнімі болды. Олар негізінен жергілікті зауыттардан арнайы киім мен жұмыс аяқ киімін сатып алады. Жеңіл өнеркәсіп тауарларының 70%-ға жуығын өңір кәсіпорындары жеткізеді.

Облыста импортты алмастыру бойынша үлкен жұмыстар жүргізілуде. Бұрын ішінара немесе толық шетелден сатып алынған тауарларды бүгінде Қарағанды өңірінде өндіреді және сатады. Бұл жарықдиодты шамдар, болат арқандар, электродтар, шар клапандары, отқа төзімді материалдар, ферросилиций және басқалар.




Импорттық тауарларды жергілікті тауарлармен алмастыру үшін аймақта түрлі жобалар жұмыс істейді, оларды іске қосу ірі кәсіпорындардың сатып алуларындағы жергілікті қамту үлесін бірден бірнеше есеге арттырады.

Мысалы, осы жылы Саранда Yutong автобус шығаратын зауыты іске қосылды. Ресейлік «Татнефть» компаниясымен бірлесіп автомобиль шиналарын өндіру бойынша ірі жобаны іске асыру басталды. Келесі жылы «Қазхимсинтез» ЖШС химиялық реагенттер өндіретін зауыты іске қосылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, 2023 жылы кабель өнімдерін шығаратын зауыт жұмысын бастайды.




«Өңірде құрылыс саласындағы импортты алмастыру бойынша да үлкен жоспарлар бар. Болашақта облыстың жұмыс істеп тұрған кәсіпорындары базасында санфаянс, лак-бояу өнімдері, ламинат, линолеум, тұсқағаз және басқа да тауарлар шығару бойынша өндіріс құру мүмкіндігі қарастырылуда», – деді Өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Андрей Уманцев.

Өнеркәсіп алыптары қарағандылық тауарларды жиі және көп сатып алу үшін әкімдік жүйе құраушы кәсіпорындармен жергілікті қамтуды дамыту бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумдар жасасады. Осы келісімдердің арқасында өңірдің тауар өндірушілері тапсырыстармен қамтамасыз етіледі.




Қарағанды өндірісінің қандай да бір тауарларын сатып ала отырып, олар ең алдымен өңірдің өнеркәсібін қолдайды, бар жұмыс орындарын сақтауға және жаңа жұмыс орындарын құруға көмектеседі.


Жоғары қарай