Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қарағанды облысындағы еріктілер алғашқы еңбекақысын алды

2020 жылдың 31 қаңтар 2020 21:51

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында еріктілер «Әлеуметтік студенттік ваучер» жобасы аясында өз еңбегі үшін төлем ала бастады. Алғашқы бастамашылар қатарында Қарағанды мемлекеттік индустриялық университетінің студенттері болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жобаға ҚМИУ 40-тан астам студенті қатысады. Қаңтар айында төрт ерікті қажетті шарттарды орындап, 20 мың теңгеден алды. 2019 жылдың қараша айынан желтоқсан айына дейін жастар «Жеңіс» республикалық қайырымдылық жобасы аясында «Әлеуметтік студенттік ваучер» бағдарламасы бойынша еңбек етті. Бұл жобаның мақсаты – аға буынды қолдау, зейнеткерлердің бос уақытын ұйымдастыру.

2020 жыл Мемлекет басшысының бастамасы бойынша Қазақстанда еріктілер жылы деп жарияланды. Волонтерлік бастамаларды қолдау үшін «Әлеуметтік студенттік ваучер» жобасы іске қосылды. 20 сағат ішінде студенттер 20 мың теңге, 50 сағат үшін 50 мың теңге көлемінде сыйақы алады.

Волонтерлік ұйымдардың өзара іс-қимылы, олардың қызметін үйлестіру үшін Qazvolunteer.kz бірыңғай интернет-платформасы іске қосылды. Сайтта әрбір ниет білдіруші адам тіркеле алады. Аталмыш платформаның арқасында еріктілер өз қызметі туралы ақпаратты ашық түрде орналастыруға мүмкіндік алды. Жобалар мен акцияларды ұйымдастырушыларға пікірлестер мен орындаушыларды табу оңай болды. Платформада сондай-ақ волонтерлердің рейтингі қалыптастырылады.

Теміртауда қалалық жастар клубы жанындағы «Шаңырақ» еріктілер ұйымы жұмыс істейді. Қозғалыс 200-ден астам жастарды біріктірді. Волонтерлер балалар үйлеріне барып, қарттарға көмек көрсетіп, әлеуметтік акцияларға қатысады. Адамдар жоғалған жағдайда өз іздеу топтарын ұйымдастырып, полицияға көмек көрсетеді.


Жоғары қарай