Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қарағанды облысында студенттерді вакцина алуға шақырған акция басталды

2021 жылдың 19 тамыз 2021 16:44

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында студенттерді вакцина және белсенді иммундау туралы хабардар болу деңгейін арттыруға бағытталған #MaxVax жастар акциясы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іс-шара аясында облыстың жоғары оқу орындарында мобильді егу пункттері ұйымдастырылып, бағалы сыйлықтар ойнатылады.

«Мен облыстық клиникалық аурухананың қарқынды терапия және реанимация бөлімінде жұмыс істеймін. Күн сайын жұмысыма байланысты коронавирус инфекцияның қаншалықты тез таралатынын және оның салдары қаншалықты ауыр екені білемін. Өкінішке орай, біз жиі қайғылы оқиғаларды диі көреміз. Біздің бөлімшедегі барлық пациенттердің 99%-ы – вакцина алмаған адамдар. Инфекциямен күресудің ең тиімді шарасының бірі – вакцинация. Барлық жұртты өзімізді және жақындарымызды қорғауға шақырамын», – дейді ОКА инфекциялық бөлімшесінің интерн-дәрігері Дарын Әбілжанов.

Деректеріне сәйкес, Қарағанды облысында 4 мыңға жуық оқытушы мен қызметкер, сондай-ақ 12 мыңнан астам студент пен магистрант екпе алды. #MaxVax акциясы аясында ұйымдастырушылар вакцинация сарапшыларын шақыра отырып, әлеуметтік желіде тікелей эфирлер өткізуді жоспарлап отыр.

«Жастар офлайн оқыту режиміне көшу туралы жаңалықты қуана қабылдады. Бірақ дәстүрлі форматтың тұрақтылығы карантин шарттарын сақтауға және әркімнің жеке жауапкершілігіне байланысты болмақ. Адиторияда, жатақханада және басқа да адам көп жиналатын орындарда жұқтыру қаупін барынша азайту үшін вакцинацияланғандардың жоғары үлесін қамтамасыз ету қажет. Тамыз айының соңында қалаға басқа жақтан келетін студенттердің саны артады, сондықтан біз оқу корпустары мен жатақханаларда вакцинация мобильді бригадасының жұмысын ұйымдастыруымыз қажет. Сондай-ақ, қыркүйек айында вакцинацияланған ЖОО студенттері арасында MaxVaxBox ұтыс ойынын өткізуді жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов.

Ұтыс ойынына қатысу үшін вакцинаның кем дегенде бірінші компонентін алып, содан кейін Telegram бот арқылы қатысушы ретінде тіркелу қажет (әр ЖОО бөлек құрылады) және нәтижесін күту керек. Жеңімпаздар рандом әдісімен анықталады.

Құнды сыйлықтар 10 қорап ойналады, олардың ішінде гаджеттер ғана емес, сонымен қатар жеке қорғаныс құралдары, кеңсе тауарлары да бар.

«Әзірге біздің облысымызда барлық ЖОО арасында вакцинация қарқыны бойынша Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы көш бастап тұр. Онда барлық курсанттар мен оқытушы екпе алды. Мүмкін, бұл ішінара оқу орнының ерекшелігіне байланысты болар. Сондай-ақ, үздік үштікте Қарағанды медицина университеті, Жезқазған университеті және Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті бар. Жалпы 57% студенттер вакцинацияланған. Өкінішке орай, бұл республика бойынша ең жақсы көрсеткіш емес. Біз жастарды #MaxVax акциясын қолдауға шақырамыз», – деді студенттерге Біржан Әлімжанов.








Жоғары қарай