Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қарағанды облысында өнеркәсіп өнімдерін өндіру бес есеге артты

2021 жылдың 28 қыркүйек 2021 11:35

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында Индустрияландыру картасына 16 мыңнан астам жұмыс орнын құруды қарастыратын жалпы сомасы 1,2 трлн теңгеге 134 жоба енгізілді. Олардың көпшілігі іске қосылды және жұмыс істейді. Жаңа өндірістердің арқасында өңірде өнеркәсіп өнімдерін өндіру 5 есе өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бағдарламаның іске асу барысы туралы онлайн режимде өткен аппараттық кеңесте айтылды.

«Индустрияландыру жылдарында 2010 жылдан бастап Индустрияландыру картасы аясында облыста 94 жоба іске асырылды. Инвестицияның жалпы сомасы 387,3 млрд теңгені құрады. Кәсіпорындарда 8 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Жобаларды іске асыру өндіріс көлемін 5 есеге, еңбек өнімділігін 1,7 есеге арттыруға мүмкіндік берді», – деп баяндады өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Мұрат Қыдырғанбеков.

Өңір кәсіпорындары бұған дейін шетелден сатып алуға тура келген өнімді шығаруды игерді.

Үшінші бесжылдықта 2020 жылдан 2025 жылға дейін 43 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Өткен жылы үш ірі жоба іске қосылды: Теміртауда «Линде Газ Қазақстан» ЖШС екінші кезегі енгізілді, Қарағандыда «Qaz Carbon» ЖШС құю өндірісі жаңғыртылды, Саран қаласында Yutong әлемдік брендімен бірлесіп автобус зауыты іске қосылды.

2021 жылға 10 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Алайда, пандемияға байланысты объективті себептер бойынша олардың кейбірін кейінге қалдыруға тура келді.

Биыл Индустрияландыру картасы бойынша Жәйрем тау-кен байыту комбинаты, агломерациялық фабрикасы бар Сарыарқа ферроқорытпа зауыты сияқты ірі кәсіпорындар іске қосылады.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек инвесторларға қажетті көмек көрсетуді тапсырды.

«Осы жылға жоспарланған жобалардың уақтылы іске қосылуын қамтамасыз еткен жөн. Жобалардың толық қуатқа шығуы ерекше бақылауда. Сондай-ақ кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізу үшін жаңа инвестициялық жобаларды іздестірумен айналысу керек», – деді өңір басшысы.


Жоғары қарай