Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Қарағанды облысында мектептер бейнебақылаумен қамтамасыз етіледі

2020 жылдың 11 шілде 2020 08:38

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында 1 қыркүйекке қарай 124 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Әрбір оқу орны бейнебақылау жүйесімен жабдықталады. Жаңа оқу жылына дайындық туралы Saryarqa телеарнасының тікелей эфирінде білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алдағы оқу жылындағы мектептердің жұмысына қатыста ең басты мәселе – қашықтан оқытуға көшу. Басқарма басшысының айтуынша, қыркүйек айында оқушылардың қалай оқитыны аймақтағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады.

«Егер COVID-19 деңгейі бізге дәстүрлі оқу түріне оралуға мүмкіндік бермеген жағдайда, оқу үдерісін өзгеше ұйымдастырудың нұсқалары дайын. 507 мектептің 322-інде интерактивті платформаларда қашықтан оқыту жоспарланған, 112 мектепте аралас формада және 73 мектепте сабақ штаттық режимде өтеді», - деді ол.

Есенғазы Иманғалиев оқыту жүйесіне қатысты әлеуметтік желілердегі хабарламаларға сенбеуге және шынайы дереккөздерден алынған ақпаратқа назар аударуға шақырды.

Биылғы жылы мектепке алдын ала есептеу бойынша 23 мыңнан астам бірінші сынып оқушысы барады. Өтініштер 1 тамызға дейін онлайн-режимде де, дәстүрлі түрде де қабылданады. Пандемия мен емханалардағы жүктеменің жоғары болуына байланысты медициналық анықтамаларды оқу жылы басталғанға дейін тапсыруға болады.

Аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан оқушылар ыстық тамақпен, мектеп жабдықтарымен және формамен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, олардың мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтеледі.

Білім беру бөлімдерінің алдын ала мәліметтері бойынша 4 787 оқушыға осындай көмек көрсетіледі.

Қазір өңірдің барлық білім беру мекемелерінде алдағы оқу жылына белсенді дайындық жүріп жатыр.

Жөндеу жұмыстары 433 нысанда жүргізілуде. 124 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Ағымдағы жөндеу 309-да жүргізілуде. Оқу жылының басында ауылдық мектептерде бұрын көшелерде орналасқан 118 дәретхана ғимарат ішіне ауыстырылады.

1 қыркүйекке қарай облыстың барлық орта оқу орындарында бейне бақылау жүйесі орнатылады.

Биылғы жылы мұғалімдер мен оқушыларға 1 495 стационарлық компьютер, 250 ноутбук және 1 119 планшет сатып алынды. Оқу жылы басталғанға дейін тағы 1 655 компьютерлік техника сатып алу жоспарлануда.

Жоғары қарай