Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 454.18
RUB 5.81
CNY 57.66

Қарағанды облысында медициналық куәландырудың жаңа жүйесі енгізіледі

2020 жылдың 10 наурыз 2020 18:45

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда медициналық куәландырудан өту үшін хроматографиялық зертханалардың бірыңғай желісін құру жоспарлануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Деректер нақты уақыт режимінде полиция департаментінің, облыстық прокуратураның және наркологиялық диспансердің ақпараттық жүйесіне беріледі.

«Хроматографиялық зертханалар желісі облыстық медицина мекемелерінің базасында орналасады. Олар есірткі затның 100 түріне арналған мұрағаты бар жаңа анализаторлармен жабдықталады. Бұл аппараттар сараптама нәтижесін полиция департаментінің, облыстық прокуратура мен наркологиялық диспансердің базасына нақты уақыт режимінде бере алады, ол өз кезегінде сараптаманың шынайылығына күмәнданбауға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев құқық бұзудың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында.

Медициналық куәландырудың жаңа жүйесін құру – құқық бұзудың алдын алу жөніндегі шаралар кешенінің қадамдарының бірі. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыстық әкімдікте мәлімдеді. Мысалы, есепте тұрған отбасыларды бақылауды күшейту көзделіп отыр. Бұл ретте бұрын сотталған азаматтар мен үйсіздердің әлеуметтік проблемаларын шешуге ерекше назар аудару қажет.

«Біз Қарағанды мен серіктес қалаларда қосымша бейімдеу орталықтарын ашуды ұсынамыз. Қазір бұл мекемелерде адамдар алты ай бойы мекендеуге құқылы. Содан кейін олар далада қалады, бұл оларды қылмыстарға итермелейді. Біз олардың тұрақты тұратын жері және жұмысқа орналасқанға дейін сол жерде болу уақытын ұлғайтуды жөн деп санаймыз», - деді Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Ысмағұлов.

Ол сондай-ақ қамау орындарынан босағандар үшін қосымша қысқамерзімді қайта оқыту курстарын ашуды және оларды жұмысқа орналастыру үшін квота санын арттыруды ұсынды.

Осы іс-әрекеттің барлығы 2020-2022 жылдарға арналған құқық бұзудың алдын алу жөніндегі жоспарға енгізілген. Оған көшедегі және отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас саласындағы құқық бұзу фактілері, мас күйінде жасалған қылмыстар, ЖКО және басқалардың санын азайту бойынша міндеттер кіреді.

Облыста көшеде және қоғамдық орында жасалатын қылмыстар саны қысқарды. Сондай-ақ ауыр қылмыс азайды. Алайда маскүнемдік пен араққұмарлық жалпы криминогендік жағдайға әсер етуде.


Жоғары қарай