Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қарағанды облысында ет пен сүт өнімдері көбірек өндіріле бастады

2021 жылдың 11 қазан 2021 21:27

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысы әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасын сақтап отыр. Ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді, өңірдің фермерлері ет пен сүт өндірісін арттырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындылары онлайн режимінде аппараттық кеңесте талқыланды.

«Ауыл шаруашылығында 2,5% өсіммен 339,4 млрд теңгенің өнімі шығарылады деп күтілуде. Мал шаруашылығында көлем 3,5%-ға, өсімдік шаруашылығы 0,1%-ға ұлғайды. Облыста ірі қара мал саны 605,8 мың басқа, жылқы – 437,4 мың, қой – 825 мың, ешкі – 219,1 мың басқа жетті», – деп хабарлады экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов.

Ет өндірісі 3,5%-ға артып, шамамен 105 мың тоннаны, сүт – 411,9 мың тоннаны құрап, 4,1%-ға артты.

Өнеркәсіп өнімі 3 трлн теңгеге өндірілді. Металлургия өнімдерін шығару ұлғайды. Болат өндірісінде көлемі 2 793,9 мың тоннаны құрап, 19,4%-ға, жазық илек – 16,9%-ға (2 202,6 мың тонна), шойын – 15,1%-ға (2 587,6 мың тонна) өсу болжанып отыр.

Облыстың негізгі капиталына инвестициялар бойынша 5,1% өсіммен шамамен 537 млрд теңгені игеру күтілуде.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек даму қарқынын бәсеңсітпеу және барлық бағыттар бойынша жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша тапсырмалар берді.

«Жалпы, барлық көрсеткіштер бойынша оң динамика бар. Инвестициялар бойынша жақсы қарқын байқалуда. Жалпы бөлінген қаржының 90%-ын жеке инвестициялар құрайды. Бұл қолайлы инвестициялық климаттың барын көрсетеді, инвесторлар аймақ әлеуетіне сенеді. Ауыл шаруашылығында мал шаруашылығында да, өсімдік шаруашылығында да жақсы нәтижелер бар», – деп атап өтті өңір басшысы.

Қарағанды облысында 2021 жылға экономика өсімі 3,4% құрайды деп жоспарланған.


Жоғары қарай