Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қарағанды облысында алдағы екі жылда дәрігерлерге 300 пәтер бөлінеді

2021 жылдың 25 қаңтар 2021 02:31

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Алдағы үш жылда Қарағанды облысында жеті денсаулық сақтау нысаны салынады. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев аталмыш саланың өткен жылғы қорытындысы мен 2021 жылға арналған жоспарлары жайлы мәлімдеді. Облыс әкімдігінде онлайн режимде өткен кеңеске өңірдің мемлекеттік және жеке медициналық ұйымдарының басшылары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі таңда коронавирустық инфекциямен күрес бірінші орында тұр. Сонымен қатар ана мен бала өлімін, туберкулезбен сырқаттануды және өлімді азайту, өмір сүру ұзақтығын арттыру сияқты негізгі міндеттер белгіленді. Осыған орай денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын жаңғырту және кадрлармен қамтамасыз ету қажеттілігі талқыланды.

Қарағанды облысында үш жыл ішінде жеті денсаулық сақтау нысаны салынбақ. Олардың ішінде биыл Қарағандыдағы облыстық көпбейінді балалар ауруханасының, Майқұдық және Сұрыптау шағын аудандарында жедел медициналық жәрдем станциясының құрылысын аяқтау көзделген.

Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында екі жыл ішінде Қарағанды қаласының №1 ЖБ жанынан онкологиялық диспансердің операциялық-реанимациялық блогы мен диагностикалық бөлімше салынады.

Ауылдарда фельдшерлік-акушерлік пункттерге деген жоғары қажеттілік қалып отыр. Екі жыл ішінде ФАП-пен 31 елді мекенді қамту жоспарда бар. Биыл «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасы бойынша Нұра ауданының Кертінді ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт салынады.

Нұра кентіндегі орталық аудандық аурухананың жөндеу жұмыстары аяқталады.

«Осы жылдың қорытындысы бойынша Қарағанды облысының барлық орталық аудандық ауруханалары жөнделетін болады. Қазір Ағадырдағы ауылдық аурухананы жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде», - деп хабарлады Ержан Нұрлыбаев.

Х.Ж. Мақажанов атындағы аурухананың жаңа корпусының және Ұлытау ауылының орталық аудандық ауруханасының құрылысы әлі де өзекті болып қалып отыр. Жазда Қарағандыда 330 орындық жаңа Облыстық клиникалық аурухана салынады.

Облыс медициналық кадрлармен қамтамасыз етудің жоғары пайызын көрсетіп отыр. Биыл медициналық оқу орындарының 357 түлегі өңірде қалды.

Дәрігерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасы жалғасады. Алдағы екі жылда 300-ге жуық пәтер бөлінеді.

«Мен барлық дәрігерлерге алғысымды білдіргім келеді. Мұғаліммен қатар, бұл әлемдегі ең асыл мамандықтардың бірі. СЭС дәрігерлеріне үлкен рахмет айтамыз. Өткен жылы олардың иығына ауыр жүк түсті. Олар биылғы жылы да лайықты жұмысын жалғастыруда. Алда да күрделі жыл күтіп тұр. Коронавирустық инфекция ешқайда кетпеді, бірақ біз онымен күресуді үйрендік, осы жағдайда жұмыс істеуді үйрендік. Біздің отандастарымыздың денсаулығынан артық ештеңе болуы мүмкін емес!» - деп облыс әкімі Жеңіс Қасымбек дәрігерлермен кездесуді қорытындылады.


Жоғары қарай