Ауа райы
Астана 32 °С
Алматы 31 °С
валюта бағамы
USD 411.54
EUR 458.13
RUB 5.84
CNY 57.64

Қарағанды облысында 376 мектеп қашықтан оқытуға көшеді

2020 жылдың 30 наурыз 2020 16:25

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Төртінші тоқсан басталысымен облыстың көптеген мектептері қашықтан оқыту форматына көшеді. Мұндай шараларды аймақ басшылығы COVID-19 таралуына жол бермес үшін қабылдап отыр, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

Оқушылар қалай оқитынын және өңіріміздің осындай жаңа әдіске қаншалықты дайын екенін білім басқармасының жетекшісі Есенғазы Иманғалиев мәлімдеді.

«6 сәуірде 208 қалалық мектеп қашықтан оқытуға көшеді, бұл - 155 095 оқушы. Және 168 ауыл мектебіндегі 38 519 оқушы да осы форматқа ауысады. Сабақтар Google Classroom, Daryn, online.kz, Edupage.org, Moodle және Zoom платформаларында өтеді», - деді ол.

131 ауыл мектебінде оқыту дәстүрлі түрде жалғасады. Бұл облыстың шалғай аудандарындағы мектептер, онда оқушылар саны 80 адамнан кем. Екі ауысымда оқиды, кабинеттік жүйе тоқтатылады. Ғимараттың өзінде санитарлық тәртіп күшейтіледі.

Қазір өңірде барлық мұғалімдер мен оқушыларды гаджеттер мен компьютерлермен, сондай-ақ интернетке үздіксіз қолжетімділікпен қамтамасыз етуге тырысады. Жергілікті атқарушы органдар компьютерлер мен планшеттерді сатып алуға қаражат бөлу бойынша жұмыс жүргізуде. Облыстың сегіз аймағында 2 409 компьютер мен планшет сатып алуға 377 млн теңге бөлінді.

Мұғалімдердің 92,5 % қашықтан сабақ жүргізу мүмкіндігіне ие.

Оқушылардың 95,1% компьютермен және гаджеттермен қамтамасыз етілген.

Сондай-ақ ұялы байланыс операторларымен қашықтан оқыту кезеңінде желіге қосылу проблемалары бар оқушыларға тегін мобильді интернет қызметін ұсыну туралы жұмыс басталды.

Аймақтың барлық интернет-провайдерімен нөл және минус баланста да пайдаланушыларды қызметтен ажыратпайды деген уағдаластық бар. Цифрландыру басқармасының басшысы Рустам Байжанов желіге түсетін жүктемеге қарамастан, қашықтан оқытуға көшуге байланысты олар іркіліссіз жұмыс істейді деп атап өтті.


Жоғары қарай