Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қарағанды базарында төрт күнде 2 адам мерт болды: Мән-жай анықталуда

2021 жылдың 10 маусым 2021 14:22

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды қаласындағы «Горняк» базарында 33 жастағы ер адам көз жұмды. Үш күн бұрын тәртіп сақшылары осы жерден әйелдің мәйітін тапқан болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі уақытта осы екі жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр, сот-медициналық сараптама жүргізілуде.

Әлеуметтік желілердегі мәліметке сәйкес, 9 маусым күні «Горняк» аялдамасында орналасқан дүкенге кіреберісте ер адам жазатайым оқиға салдарынан қаза тапты. Марқұм қаладағы фирмалардың бірінде экспедитор болып қызмет атқарған. Ол әлеуметтік павильонға тауар алып келген. Куәгерлердің айтуынша, дүкеннен шығаберісте баспалдақ сүйенішіне қолы тиген ер адамды тоқ соққан. Алайда, Қарағанды әкімдігі бұл фактіні жоққа шығарады.

«Әлеуметтік желілерде Майқұдық шағынауданында электр тогының соғуына байланысты жас жігіттің қаза болғаны туралы ақпарат таралуда. Қарағанды қаласы Полиция басқармасының мәліметінше, ер адамның өлімі алдын ала нұсқа бойынша, денсаулық жағдайынан болған.

Аталған фактіге сәйкес, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Мерзімінен бұрын қорытынды жасамауды және тексерілмеген ақпаратты таратпауды сұраймыз. Сараптама қорытындысы бойынша себеп анықталады», - деп хабарлады Қарағанды қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен.




Оқиғаға қатысты облыстық Полиция департаменті де түсінік берді.

«9 маусымда полицияға дүкендердің бірінде ер адамның мәйіті табылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына шыққан кезде факті расталды: сауда нүктесінің маңында денесінде зорлық-зомбылық белгілері жоқ 33 жастағы ер адамның мәйіті табылды. Бұл факті полицияда тіркелді. Сот-медициналық сараптама тағайындалды, оның нәтижелері бойынша іс жүргізу шешімі қабылданатын болады. Полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр», - деді Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметінен.

Полиция ақпаратына сүйенсек, дәл осы жерде төрт күн бұрын 36 жастағы әйел мерт болды. Оның өліміне денсаулық жағдайы себеп болғаны хабарлануда.

«6 маусымда сол ауданда денесінде зорлық-зомбылық белгілері жоқ 36 жастағы әйелдің мәйіті табылды. Сот-медициналық сараптама оның өлімінің себебі жүрек ауруы – «кеңейтілген кардиомиопатия« екенін анықтады», - деді полициядан.


Жоғары қарай