Ауа райы
Астана 27 °С
Алматы 31 °С
валюта бағамы
USD 405.66
EUR 454.70
RUB 5.71
CNY 57.43

Қара Ертістегі қауышу: 100 жасаған Шой ананың басынан кешкендері

2020 жылдың 31 мамыр 2020 16:27

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 1930 жылы Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Қорған ауылында тұрған Шой ананың жолдасы ату жазасына кесіледі. Осы кезде Шой ана үлкен ұлын ауылға қалдырып, кіші ұлын Қытайға алып қашқан. Мұндағы мақсаты қандай жағдай болса да ұрпағын аман алып қалу. Зайсан ауданындағы «Қара Ертіс» мал шаруа қожалығының басшысы Жеңісбек Кәрібаев саяси қуғынға ұшырап, Зайсан түрмесінде атылған атасы мен артында қалған ұрпағын аман алып қалу үшін барын салған әжесінің басынан кешкендері туралы ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

«ХАЛЫҚ ЖАУЫ»

Жеңісбек атаның айтуынша, Кәрібай мен Шой ананың жеті қызы мен Қалихан, Қаламитан есімді екі ұлы болған. Өкімет жандайшаптары олардың 3000 қой, 1000 жылқы, 800 сиырын тәркілеген. 1930 жылдың 29 қазанында Кәрібайға «Қытайға қашқандарға көмектесті, «қашқындарды шығарып салған қарулы бандиттерге қыстағынан орын берді» деген айып тағылып, «халық жауы» атанған. Бір жыл бойы Зайсан түрмесінде жатқан ол жұбайы Шойға:

«Қамады мына Зайсан түрмесіне,

Жегізіп қандала мен бүргесіне.

Алады ұрып-соғып күнде жауап,

Кірісіп тергеушінің міндетіне» деп хат жазған екен.

«Зайсан түрмесіне қамалған адам саны көптігі сондай, мамыр мен қараша айларының арасында айыпталушылар Зайсан көлінен кемеге отырғызылып, Өскеменге қарай бет алады. Өскеменге тірі жеткендері ары қарай жазасын өтейтін басқа түрмелер мен лагерьлерге жол тартады. Кәрібай да 1931 жылдың қоңыр күзінде Қарқаралы түрмесіне жіберілген. Зайсан көлінің бетінде мәйіттер қалқып жүреді екен. Кеме ішінде адам көп болғандықтан, өліп қалған адамдарды суға лақтыра салатын болған», - дейді Жеңісбек Кәрібаев.

Өскеменге жеткен «қылмыскерлерді» Сібірге, Барсакелмес аралына, басқа да түрмелерге жөнелтеді.

«Қарқаралы түрмесіне темір-терсек жинайтын вагонга отырып барған Кәрібай жол бойы адам өміріне жасалған қиянаттың «көкесін» көрген. Кеудесінен жаны шыққан адамдар – «артық жүктер» жол бойына лақтырылып отырды. Вагонда отыр деген аты болмаса, адам сияқты жайғасып отырған ешкім жоқ. Бәрі бір-бірімен иық тіресіп, қақшиып тұрудан басқа амалдары болмайды екен. Кімде-кім есінен танып құлап қалса, өмірі үзілді дей бер. Кәрібайдың да Қарқаралы түрмесіне аман-есен жетті деген аты болмаса, құр сүлдері қалған. Сырттай қараған адамға вагоннан кеудесінде жаны бар адам емес, құдды адам қаңқалары шығып келе жатқандай әсер қалдырады», - деп еске алады Жеңісбек ата.

САТҚЫНДЫҚ

Жеңісбек атаның айтуынша, Қарқаралы түрмесінде жазасын өтеген Кәрібай 1933 жылы елге оралады.

«Оралуын оралып, көп ұзамай қайтадан түрмеге қамалған... Ол бесатар мылтығын мал қораның ішіндегі шеткі діңгектің ішін ойдырып ішіне жасырып қойған. Ол кезде күйеубаласы Аяпберген ОГПУ-дің Зайсан аудандық орынбасары қызметін атқарып жүрген. «Халық жауы» атанған қайын атасы Кәрібай бостандықта жүргенде өзіне қызметтік өсу жоқ екенін білетін Аяпберген қайын атасынан құтылу жолдарын ойластыра бастайды. Қызмет лауазымының өсе түскенін қалайтын адам қулықтың түр-түріне, тіпті сүйіп қосылған жарының әкесін сатып кетуге де барады екен. Билікке жағып, «әділ» қызметкер екеніне көз жеткізгісі келген ол қайын атасының мылтық жасырып жүргенін айтып, сатқындық жасаған. Осылайша Кәрібай екінші рет түрмеге қамалған» - дейді ол.

Өзін жазықсыз тұтқындаған басқа емес, күйеу баласы Аяпберген екенін көрген Кәрібай іштей «Мұндай қорлықты көрсеткенше, өлгенім артық!» деп күйінген.

«Сол күні кеш қарайғанша Кәрібайдың ұсталып кеткенінен ауыл тұрғындары түгелдей хабардар болып, туыс-жұрағаттары бас қосып, жиналып, бір шешімге келу керек екенін талқылапты. Ақыры Аяпбергенді жазалау керек деген шешімге келіп, арада үш күн өткен соң оны жандайшаптарымен қоса ұстап, Ақжон жайылымындағы Шоқпыт құмына алып барған. Ажал келіп алқымынан алса да, Аяпберген болашақ – партиянікі екенін айтудан жалықпаған екен. Кәрібайдың жанашырлары Аяпбергенге өз қолымен тобылғы жыңғыл, қараған жинатып, өзін ағаш түбіне байлап, өртеп жіберген», - дейді Жеңісбек ата.

Осы оқиғадан кейін Кәрібайдың да тірі қалмасы анық еді. Түрмеде отырғандарға сырттан азық-түлік келетін. Кәрібай да өзіне келген бауырсақты екіге бөліп, ішінен шыққан шиыршықталған қағазды көреді. Онда «Кәрібайдың жігіттері әсіре белсенді ОГПУ қызметкері Аяпбергенді өлтіріп, өздері шекара асып Қытайға кетті» деген жазуы бар екен. Не оқығанын дауыстап айтайын десе, қасында отырғандардың арасында ОГПУ-дің тыңшылары да бар екенін біледі, сондықтан іштен тынып, кезекті тергеуден кейін бұл камераға қайтып оралмайтынын сезсе де, көз жасына ерік бермей, ажалдың бетіне тура қарап отыра беруден басқа амалы қалмаған...

ШОЙ АНА

Жеңісбек атаның айтуынша, осы оқиға болған кезде Қалихан мен Қаламитан мектеп қабырғасында оқыған балалар болған.

«Мектеп директоры екеуін далаға қуып шығып, халық жауының балалары үшін мектеп есігі жабық екенін айтқан. Сөйтіп Шой ана екінші сынып оқитын Қалиханды алтын өндірісінде жұмыс істейтін эстон ұлтының азаматы – Айварға тапсырып, кіші ұлын өзімен бірге ертіп, Қытайға кетеді. Ондағы ойы - ату жазасына кесілген жолдасынан қалған ұрпағының бірі өліп қалса, бірі тірі қалсын деген үміт екен», - дейді Жеңісбек ата.

Шой ана Катонқарағай, Үлкеннарын, Зырян одан әрі Алакөл арқылы Ресейге өтіп, Қытайға жол тартқан. Зайсан шекарасын бойлай арғы бетке тікелей баруға болатынын білсе де, ол жақта көп қазақтың жазықсыз оққа ұшып жататынынан сескенген. Жолай кезбе қарақшыларға қолындағы алтынын үлестіріп беріп, діттеген жеріне де жетіпті. Сол жақтан туыс-жұрағатын паналап, болыс-билердің көйлек, шапан, бөріктерін тігіп, өлместің күнін көре бастаған. Жат жерде Шой ана базарда баскиім сатып жүрген күндердің бірінде өзара сыбырласып тұрған бір топ адамнан Кәрібайдың өлімі жайлы естиді.

«Шой ана «Не болса да туған жерге қайтып ораламын. Өлсем, туған жердің топырағы бұйырсын» деп шешіп, Қаламитан мен көк өгізін жетектеп, жолға шығады», - дейді Жеңісбек ата.





ҚАУЫШУ

Бар-жоғын көк өгізіне артып, жолға шыққан Шой ана біреу-міреудің көзіне түсіп қалмас үшін күндіз тау-тас пен қамыс-жыңғылдың арасын паналап, ал түнде 13 жасар Қаламитанды қолына жетектеген күйі туған жеріне қарай жүре берген. 7-8 күнде шекарадан асып, Тарбағатай тауының етегімен туған жеріне қарай қадам басып, Қара Ертіске де жетеді.

Қара Ертістің ар жағында Дүзағаш деген шағын ауыл бар. Ауылдың тұсында балалар қуаласпақ ойнап жүр екен. Балалардың сыңғырлаған күлкілерін сүйсіне тыңдап отырған Шой ананың құлағы кенеттен «Қалихан, догоняй!» деген дауысты шалып қалады. «Қалихан» деген сөзге елең етіп, ет-жүрегі елжіреп кеткен ана Қаламитанға қарап «Мен шалыс естідім бе? Әлде менің естігенімді сен де естідің бе?» депті күдік пен үміт аралас үнмен. Расымен, арғы жағада жүрген үлкен ұлы - Қалихан болып шыққан», - дейді Жеңісбек ата.

Ағалы-інілі екеуі ағынды суға күмп беріп, бір-біріне қарай малти жөнелген. Бір-біріне жақындаған сайын құдды уақыт тоқтап қалғандай, бір-біріне малтап жете алмай қалатындай, тезірек жетіп алмаса мұның бәрі тәтті түс қана болып қалатындай, қас-қағым сәтте оянып кететіндей сезімде болған олар бір-біріне жетуге асыққан.

ТАРИХТЫҢ ЖАҢА ПАРАҒЫ...

Елге оралған Шой ана ұл-қыздарымен қауышып, жаңа өмір бастап кетті. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды». Сылдырап аққан өзені, ататын аң-құсы мен жейтін жеміс-жидегі алысқа бармай-ақ табылатын өңір тұрғындарының жағдайы біртіндеп оңала бастады.

«1938 жылы Қалихан әскер қатарына шақырылып, сол жерден финдерге қарсы соғысқа қатысты. Қалихан елге оралуға асығып жүргенде екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетті. Бұл соғысқа оның інісі Қаламитан да аттанып ерлікпен қаза тапқан. Елге оралған Қалихан Шәрипа есімді арумен отау құрып, 2 ұл, 7 қыз тәрбиелейді. Шой ананың өшкен үміті оянып, бақытқа бөленген. Сол шаңырақтың тұңғышы, соғыстан кейін Қорған ауылында алғаш болып өмірге келген сәби - менмін», - дейді Жеңісбек ата.

«КЕК АЛУ»

«1993 жылдың 14 сәуірінде шыққан Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы Заңның көмегімен жазықсыз жапа шеккен Кәрібай атам ақталды. Өкініштісі сол, әкем - Қалихан бұл жақсы жаңалықты естімей, дүниеден озып кетті. 2000 жылы біз ата-бабаларымызға құран бағыштап, ас бердік. Бұл – Тәуелсіздік алғалы аудан бойынша өткен ең есте қаларлық, кең көлемде атап өтілген шара болды. Аудан халқы мен қонақтарға ақ дастарқанымызды жайып, ұлттық ойын ұйымдастырып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыстадық. Сол кезде Зайсан ауданындағы елді мекендердің біріне Қалихан аты беріліп, осы Қара Ертіс жағалауы «Қалихан атындағы демалыс орны» деп аталды. Сол күні мен ішімнен: «Кәрібай бабамның 2 ұл 7 қызы болса, оның ұлы Қалиханның да 2 ұл, 7 қызы бар. Бұл – жай ғана кездейсоқтық емес, бұл сынаққа төзе білгеніміз үшін берілген Алланың сыйы. Әкеміз ұл-қыздарының бәріне жоғары білім беріп, тәрбиелі етіп өсірді. Міне, бұл ұлан-асыр той соның жемісі» деп ойладым», - дейді.

Шой ана Қалихан ұлынан немере, шөбере сүйіп, 103 жасында өмірден озған.

«Бұл байтақ жер – ата-бабамыздан қалған аманат. Аманатқа қиянат жасауға бола ма? Мен бабамның конфискация жасалған Ақжон жайылымдық жерін сатып алып, 3000 қой, 1000 жылқы, 800 сиырын қалпына келтіріп, бағып отырмын. Ата-бабамды қорлағандардан осылайша кек алдым! Жер мен төрт түлік малды қалпына келтіріп қана қоймай, Зайсандағы түрменің Кәрібай бабам ату жазасына кесілген камерасын өзімнің кабинетім етіп алған кезім болған. Мен алдыма мақсат қойсам, алдымнан шығатын кедергілерді емес, тек қана мақсатты көріп және соған жетпей қоймайтын адаммын. Сол ерік-жігерімнің арқасында ғана ойға алған арманым іске асты. Ендігі үлкен міндет – маңдай термен тапқанды жоғалтып алмау. Ұрпағыма аманат ету», - дейді ол.





Жоғары қарай