Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Қаңтар оқиғасы әрі сабақ, әрі серпіліс болды – Қарағанды облыстық мәслихат депутаты

2022 жылдың 16 қаңтар 2022 09:13

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, «Нұр Отан» партиясы саяси Кеңесінің мүшесі, ҚХА мүшесі, Қарағанды облыстық Қоғамдық Келісім Кеңесінің төрағасы Бекзат Алтынбеков Мемлекет басшысының алға қойған мақсаттары мен Президенттің тапсырмаларын орындау мақсатында Үкіметтің қабылдаған шаралары жайлы пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі «Қаңтар қасіреті» атаған оқыс оқиға қоғамдағы қордаланған мәселелердің басын ашып, халық пен биліктің арасын жақындатуға септігін тигізді. Алғашында қарапайым халықтың газ бағасына наразылығынан басталған бейбіт шеру соңғы сәттерде саяси сипат алып, арандатушы күштердің ықпалымен ушыққанын да жасыра алмаймыз. Президенттің дер уақытында қабылдаған батыл шешімдерінің арқасында экстермистік топтардың жолы кесіліп, мемлекеттігімізді, Тәуелсіздігімізді сақтап қалдық.

«11 қаңтар күні ҚР Парламентінің отырысында сөйлеген сөзінде тұрақтылығымызды жүйелі түрде теңселтіп келген жат пиғылдағы арандатушы топтардың әрекетін өткір сынаған Қасым-Жомарт Кемелұлы «төңкеріс тәуекеліне» себеп болған ішкі-сыртқы мәселелерді жіпке тізіп, оның шешу бағыттары бойынша жаңа құрамдағы Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді. Барлығы – көптен бері ел көкейінде жүрген өзекті мәселелер», -дейді Бекзат Қомарұлы.

Қарағанды облыстық Қоғамдық Келісім Кеңесі төрағасының айтуынша, Президенттің мемлекеттік қауіпсіздік мәселесіне қатысты ойлары да ел көңілінен шықты.

«Экономикалық блокқа қатысты Қазақстан мүмкіндіктерінің шексіз екендігін, солай бола тұра, шикізат пен импортқа тәуелділіктен арыла алмай отырған ұлттық экономикамызды өткір сынаған Президент өңдеу саласын өрістету, сол арқылы азаматтар табысын еселеу керектігін қадап айтты. Әсіресе, утилизациялық алым мөлшерін қайта қарау жөніндегі тапсырмасы қарапайым халықтың ресми билікке деген сенімін оятты. «Самұрық-Қазына» қоры мен Қытай шекарасындағы «Қорғас» кедендік бекетіне қатысты бастамалары, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасына мемлекеттік бақылау жасау міндеттері дәл Президент айтқандай оң шешімін тауып, оңтайланып жатса әрине, халық риза болар еді», - деп қосты Бекзат Алтынбеков.

Жаңадан жасақталған Үкімет құрамының да бірден нақты істерге жұмылып, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға білек сыбана кірісіп кеткені де көңіл қуантады.

«Мен – қарапайым халықтың ортасында жиі болатын облыстық мәслихаттың депутатымын. Соңғы екі-үш күнде елдің Президентке деген шексіз ықыласы мен ризашылығына куә болып жүрмін. Ел – риза. Халық Президентке сенеді, қолдайды!

Біз үшін ең маңыздысы – Тәуелсіздік пен тұрақтылық. Қаңтар оқиғасы әрі сабақ, әрі серпіліс болды. Өкініші де бар, әрине. Қаншама сарбаздарымыз бен құқық қорғау органдарының қызметкерлері қаза тапты. Бейбіт халық та, кәсіпкерлер де зардап шекті. Мұның барлығы бүліктің салдары. Алайда, бүлікшілер қолынан қаза тапқандар мен зардап шеккендердің барлығына мемлекет тарапынан қолдау болатынын баса айтқан Қасым-Жомарт Тоқаевтың парасатына ел сенім артып отыр.

Озбырлық пиғылымен мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылған бүлкішілер толық қатаң жазаланатынына да сенеміз. Жаңа Қазақстанды Президентпен бірге құрамыз!», - деді Бекзат Қомарұлы.



Жоғары қарай