Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қандай жағдайда балаға вакцина салуға болмайды – вице-министр жауап берді

2021 жылдың 23 қараша 2021 23:53

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде балалар арасында коронавирусқа қарсы ревакцинация жүруі мүмкін бе? Бұл сұраққа ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қандай жағдайда балаға вакцина салуға болмайды? Аллергиядан бөлек, егер бала сол сәтте өзін жайсыз сезініп тұрса немесе содан бірер күн бұрын ауырған жағдайда оған екпе алмаған абзал. Одан бөлек, әрине балаға вакцина салмас бұрын мамандар оның сол кездегі жағдайын бақылап, тексереді. Сонымен қатар қазіргі уақытта балалардан вакцина алмас бұрын медициналық сараптама тапсыру талап етілмейді. Бастысы - балада денсаулығына қатысты шағым болмаса және екпеге қарсы көрсеткіш болмаған жағдайда рұқсат беріледі. Бұл тұста біз дәрігерлерге әр баланың денсаулығын жіті бақылап, содан кейін ғана вакцина салу керектігі туралы айтып жатырмыз», - деді Ажар Ғиният танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызына берген сұхбатында.

Сондай-ақ, вице-министр балалар ревакцинациясына қатысты түсінік беріп өтті.

«Балалар арасындағы ревакцинация туралы айтуға әзірге ерте. Себебі ертеңгі күні эпиджағдайдың қалай болатынын біз білмейміз. Мүмкін керек болмайтын да шығар. Егер эпиджағдай біздің елде ғана емес, әлем бойынша реттеліп, ұжымдық иммунитет қалыптасса, онда қажет болмауы да мүмкін. Сондықтан алдын ала болжауға әлі ертерек», - дейді ол.

Бұған дейін министр орынбасары вакцина алмаған балалар мектепке кірмейді деген ақпаратқа қатысты түсінік беріп өтті.

Және де вице-министр антиваксерлерді инфекция ауруханасына келіп, жағдайды өз көзімен көруге шақырды.

Жоғары қарай