Ауа райы
Астана -11 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қандастар Қазақстан экономикасына қандай пайда әкеледі – сарапшы пікірі

2020 жылдың 27 қазан 2020 21:09

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанға көшкен қандастардың 62,7 пайызы еңбекке қабілетті жаста. Бұл туралы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Қайрат Бодаухан айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қандастарды мемлекет бюджетіне артық салмақ пен қоғамдағы деструктивті күш деген көзқарасты өзгертетін уақыт жетті. Моңғолияның, Қытай мен Өзбекстанның қазақтары көбінесе дәстүрлі шаруашылық жүргізу дағдылары мен тәсілдерін сақтап қалды. Шетелдегі қазақтардың тұратын елдерінде титулдық ұлт болмауы және мемлекеттік қолдаудың түрлі шараларына басымдық түрде иелік етпеуі оларды экономикалық белсенді болуға және әл-ауқатты арттырудың өзіндік ұстанымын қалыптастыруға жетеледі», - деді Қайрат Бодаухан «Отандастар қоры» КЕАҚ жанындағы қоғамдық комиссияның отырысында.

Бұл жағдай шетелдік қазақтар арасында негізінен өздерінің ішкі ресурстарына және кәсіпкерлік әлеуетті іске асырудың өз мүмкіндіктеріне сүйенуге деген көзқарастар жүйесін қалыптастырды. Қандастар мекендеген елдердегі кәсіпкерлік бастамашылық пен экономикалық дербестік ерекшеліктеріне сәйкес, шетелдік қазақтар бәсекелестік орта мен бизнес-бастамаларын іске асыруға бұрыннан дағдылы және ынталы.

Елге келген қандастардың 62,7 пайызы - еңбекке қабілетті жастағылар, 30,7 пайызы – жасөспірімдер мен балалар, тек 6,6 пайызы ғана – зейнет жасындағылар болып отыр. Бұл мемлекет үшін ең экономикалық белсенді халық болып есептеледі.

«Қандастар - қоғамдық игіліктердің өндірушілері. Олардың еңбегін, әсіресе «қарапайым заттар экономикасын» ілгері жылжытуда қолдануға болады. Қандастардың Қазақстан экономикасына қосатын үлесі ретіндегі экономикалық әлеуетін жалпы қосылған құн түрінде қарастырсақ, еңбекке қабілетті 100 мың қандас тек ауыл шаруашылығында ғана жұмыс істейді деп болжасақ, бес жыл ішінде әлеуетті түрде 771 млрд теңге жалпы қосылған құн мөлшерінде табыс әкеледі. Осылайша, тек қана ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін бір қандас жыл сайын Қазақстан экономикасына 2,9 млн теңге табыс әкеледі», - деп атап өтті Қ. Бодаухан.

Ал ауыл шаруашылығы саласында да, экономиканың басқа да секторларында жұмыс істейтін қандас орта есеппен жыл сайын Қазақстан экономикасына 4,8 млн теңге әкеле алады. Бұдан бөлек, халықтың өсуіне байланысты тұтынушылық нарықтың өсуін ескеру қажет.

«Сонымен бірге, қандастар ағынының республикаға үлесі тек экономикалық әсерлермен ғана шектелмейтіні анық. Оның рухани, мәдени және ұлттық болмысымыздың қалыптасуына қосып жатқан үлесі баға жетпес. Оны еш цифрмен есептеуге болмайды», - деді Қ. Бодаухан.

Айта кетейік, биыл Қазақстанның 7 облысына 1378 этникалық қазаққа өңірлік квота беріліп отыр. 1991 жылдан бері елімізге 1 миллионнан астам қандас көшіп келген.


Жоғары қарай