Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы -8 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

IX Азаматтық форум: Министрлер не жайында сөз қозғайды

2020 жылдың 23 қараша 2020 09:43

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін IX Азаматтық форум жұмысын бастайды. Форум аясында министрлік басшыларының үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен 12 салалық онлайн кездесу өткізу жоспарланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қоғамдық ұйымдардың басшыларымен Денсаулық сақтау министрі А. Цой, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Нұрымбетов, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б. Мусин, Сауда және интеграция министрі Б. Сұлтанов, Әділет министрі М. Бекетаев, Ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев, Төтенше жағдайлар министрі Ю. Ильин, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы А. Жайылғанова, Ішкі істер министрінің орынбасары А. Заппаров, Қаржы бірінші вице-министрі Б. Шолпанқұлов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары О.Бектенов кездеседі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, кездесулерді өткізудің мақсаты орталық мемлекеттік органдар басшыларының үкіметтік емес сектор өкілдерімен ашық диалогы болып табылады.

«Форум аясында ҮЕҰ-мен кездесулер өткізу мемлекеттік органдар қызметінің транспаренттілігін және мемлекет іске асыратын бағдарламалар мен бастамалар туралы жұртшылықтың хабардар болуын арттыруға ықпал етеді. ҮЕҰ - мен өзара іс-қимыл мемлекеттік органдарға жедел әрекет етуге және халықтың өзекті мәселелерін шешуге мүмкіндік береді», - деп хабарлады ҚР АҚДМ Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахметов.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесулер барысында мемлекет пен азаматтық қоғамның денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету саласындағы өзара іс-қимылы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі тиісті ұсынымдар мен бірлескен іс-қимылдар жоспарларын әзірлеу, Әлеуметтік қамсыздандыру кодексін әзірлеу жөніндегі тәсілдерді қарау және тағы басқа мәселелерді талқылау жоспарлануда.

Министрлермен кездесу үшін республикалық және өңірлік ҮЕҰ, БАҚ, сараптамалық қоғамдастықтардың, «Адалдық алаңы» жобалық офистерінің өкілдері, арнайы мониторингтік топтар шақырылады.

Кездесулер Facebook, Youtube, Instagram желіcінде онлайн режимде көрсетіледі.

Форум бағдарламасы және қатысушыларды тіркеу форум сайтында қолжетімді.


Жоғары қарай