Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ішкі істер органында қызмет етемін деген бала арманым орындалды – Берік Өмірзақов

2021 жылдың 5 мамыр 2021 15:48

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ішкі істер органдарындағы қызметтің қызығы мен шыжығына шыдап, аянбай еңбек етіп жатқан жастар аз емес. Соның бірі - Алматы қаласы мамандандырылған күзет қызметі басқармасының полиция қызметкері Берік Өмірзақов. Ол - қаруланған қарақшыларды ізін суытпай ұстаған полицей, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Берік Өмірзақовтың құқық қорғау саласында жұмыс істегеніне 5 жыл. Осы уақыт аралығында ол өзінің кәсіби маман екенін көрсете білді.

«Мен бұл салаға 2016 жылы келдім. Бұл - менің бала кездегі арманым болатын. Осы мамандық иесі болу үшін біраз тер төктім. Спортпен шұғылдандым, көп оқыдым. Мектепте жүргенде ішкі істер органы қызметкерлері туралы фильм көргенді жақсы көретінмін. Бұл мамандық адамды адал, жауапты, жанашыр, патриот болуға тәрбиелейді»,- дейді ол.

Берік Өмірзақов бүгінгі күні Алматыдағы стратегиялық нысандардың бірі- жылу электр стансасының күзетінде жұмыс істейді.

«Мен маңызды нысанды күзетемін. Маған артылған жауапкершілік зор. Соныдықтан өзіме сеніп тапсырылған мекемені қорғау басты міндетім деп санаймын»,- дейді аға сержант.

Берік Өмірзақов биылғы 24 ақпанда қарақшылық жасаған қылмыскерді ізін суытпай ұстап, полицияға тапсырды.

Наурызбай ауданында күндіз қылмыскерлер үйге заңсыз кіріп, сол жерден бірнеше құнды затты ұрлап, қашып кетпек болған.

«Осы кезде мен жұмыстан келе жатқан едім. Бір кезде жәбірленушінің үйінен шығып бара жатқан күдіктілерді байқап қалдым. Бірден жеке үйдің ашық тұрған есігінен кірдім. Бір әйел көмек сұрады. Ол өздерін тонап кеткенін айтты. Ойланбастан күдіктілердің ізіне түстім. Бірнеше минут ішінде қарақшылар кетіп бара жатқан көліктін жолын бөгеп, қаша жөнелген қылмыскерлердің бірін ұстап үлгердім. Кейін белгілі болғандай, К. есімді азамат бұрын-соңды осындай қылмысы үшін сотты болған. Күдіктілер жатын бөлмедегі сейфті ашып, сол жерден 9 мм калибрлі газ тапаншасын ұрлап кеткен екен»,- дейді ол.

Берік Өмірзақов өзінің бұл әркетін ерлік деп санамайды.

«Иә, мен қылмыскерлерді ұстауға көмектестім. Бірақ оны ерлік деп санамаймын. Бұл - менің азаматтық борышым және міндетім»,-дейді Берік Өмірзақов.


Жоғары қарай