Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Иордания Корольдігі Қазақстанның «AntikorNews» жобасына қызығушылық танытты

2021 жылдың 21 қаңтар 2021 12:03

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Иордания Корольдігі Қазақстанның «AntikorNews» жобасына қызығушылық танытты.

Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Серіктестік департаменті директорының орынбасары Перизат Сәдуақас айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат туралы азаматтарды кеңінен ақпараттандыру, өз жұмысының ашықтығын арттыру, қоғамда жемқорлықты қабылдамау мәдениетін қалыптастыру, сервистік қолжетімділікті жақсарту мақсатында агенттік бірқатар маңызды бастаманы жүзеге асыруда. 2020 жылы агенттік «AntikorNews» және «АntikorLive» атты ерекше медиа-жобаларды іске қосты. «AntikorNews» агенттіктің БАҚ-пен және жұртшылықпен өзара іс-қимылының маңызды құралы ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы контенттің үздіксіз онлайн көрсетілімін қамтамасыз етіп, сондай-ақ антикор қызметінің нәтижелері мен басымдықтары туралы жедел хабарлайды», - деді Перизат Сәдуақас агенттіктің Facebook алаңында өткен брифинг барысында.

Оның айтуынша, «AntikorNews» жаңалықтары мемлекеттік және орыс тілдерінде таратылады. Олар апта сайын агенттіктің ресми сайтында және әлеуметтік желілердегі аккаунттарында жарияланып, барлық өңірлік телеарналардан көрсетіледі.

2020 жылы орталық аппарат «AntikorNews»-тің 40 шығарылымын, аумақтық департаменттер 650 шығарылымын әзірледі. Аз ғана уақыт аралығында бұл жоба нәтижелілігін көрсетіп, сұранысқа ие болды. Оның тұжырымдамасына тіпті Иордания Корольдігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствосы қызығушылық танытты. Сондай-ақ «AntikorNews» жобасының аясында 60-қа жуық брифинг өткізіліп, 130-ға жуық жедел түсірілім және БАҚ-та 6,2 мыңнан астам материал жарияланды. Антикор өкілдері Орталық коммуникациялар қызметі мен «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығында өткен 5 баспасөз конференциясына қатысты», - деді ол.


Жоғары қарай