Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Интернетте ақшасын еселегісі келген петропавлдық 3 млн теңгесінен айырылды

2021 жылдың 29 желтоқсан 2021 14:41

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл тұрғыны әлеуметтік желіде алаяқтардың арбауына түсіп, 3 млн-ға жуық теңгесінен айырылды. Жылдам пайда көрмек болған ер адам енді қарызға белшесінен батқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл тұрғыны әлеуметтік желілердің бірінде ақшаны тез еселеуді ұсынған парақшаның жарнамасын көріп қалады.

Ол ұсынылған сілтеме бойынша сайтта тіркелген. Көп кешікпей брокерлік сайттың өкілдеріміз деген біреулер WhatsApp мессенджері арқылы байланысқа шыққан.

Алаяқтардың нұсқаулары бойынша ер адам 65 мың теңге инвестиция салған. Біраздан соң сайтқа ақшасының еселенгені жөнінде хабарлама келеді.

Мұны көрген ер адам табысын тексеріп, екі банктен миллион теңгеден несие, танысынан 850 мың теңге қарыз алып, барлық қаржысын «инвестицияға» салады.

Кейін «менеджерлер» байланысқа шықпай қойған. Ер адам сайттағы шоттан қаражатын қайтара алмаған.

3 миллионға жуық ақшасын алаяқтарға бергенін түсінген ол, полицияға жүгінді.

«Облыста жыл басынан «ақша еселеумен» байланысты интернет-алаяқтықтың 17 фактісі тіркелді. Кейде күмәнді ұсыныстардан мол табыс табуға жәбірленушілерді таныстары тартады, кей жағдайда алаяқтар брокерлік сайттардың көшірмелеріне сеніп қалады. Қулықтың бұл түрі барлық елдерде кездеседі. Сондықтан интернетте сақ болуға, оңай олжаға сенбеуге, күмәнді сілтемелер бойынша өтпеуге кеңес береміз», - дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.


Жоғары қарай