Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Инфекционист жазда жиі болатын ішек ауруларының алдын алу жолын айтты

2022 жылдың 19 мамыр 2022 12:56

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Инфекционист-дәрігер Тамара Отағанова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында қауіпті инфекцияның себептері мен алдын алу жолдарын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәрігердің айтуынша, ішек инфекциялары жылдың барлық мезгілінде болады. Десек те, адамдар жазда көбірек ауырады. Бұл осы мезгілде күннің ыстық болуына байланысты.

Ішек инфекцияларының ең қауіптісі сальмонеллез, дизентерия және тағамдық токсикоинфекция. Егер ішек инфекциясын уақытында емдемесе, онда бұл адамға дегидратациямен қауіп төндіреді.

Ішек инфекциясының алғашқы белгілері әртүрлі: бас айналу, жүрек айну, құсу, іштің мезгіл-мезгіл ауыруы, диарея, қалтырау.

«Ішек инфекциясы ағзаға қолдың кірі, ашық су және дұрыс сақталмаған тағамдар, жуылмаған көкөністер мен жемістер арқылы жұғады. Сондықтан қолыңызды сабынмен жиі жуып, қайнаған су ішіп, тек жаңа дайындалған тағамдармен тамақтану керек», - дейді маман.

Спикердің сөзінше, ішек инфекциясы – бірінші кезекте ас қорыту жолын зақымдайтын жұқпалы аурулардың тобы.

«Оның пайда болуына негізінен микроағзалардың бактерия, вирус сынды түрлері себеп. Инфекция көзі – науқас адам немесе жіті ішек инфекция қоздырғыштарының тасымалдаушысы. Айналадағы адамдар үшін, әсіресе, аурудың жеңіл, анық байқалмайтын және симптомсыз түрлеріне шалдыққандар өте қауіпті»,- деді Тамара Отағанова.



Автор Алма Мұқанова
Басты сөздер: Алматы, Медицина,
Жоғары қарай