Ауа райы
Астана -11 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Инфекционист маман коронавирус пен тұмаудың айырмашылығын түсіндірді

2020 жылдың 20 қараша 2020 17:26

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирус инфекциясы немесе тұмауды жұқтыру жағдайларын қалай ажыратуға болады? Бұл сұрағымызға Нұр-Сұлтандағы Көпсалалы медициналық орталығына қарайтын қалалық инфекциялық орталықтың басшысы Татьяна Цечоева жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коронавирус инфекциясы қайтадан қатты өршіп кетпес үшін не істеу керек? Ол туралы сөз қозғамай тұрып мынадай мәселені қаузап өтсем деймін. Індетті алдын алудың нақты қандай жолдары бар? Өзіңіз білетіндей, күз бен қыста өткір респираторлық вирусты инфекциялар өршитіндіктен, соның аясында коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайы да артып барады. Алдын алу шаралары деген кезде спецификалық алдын алу шарасын ұмытпау керек. Яғни біз тұмауды азайту үшін халықтың белгілі бір бөлігіне вакцина салдырамыз. Ең бірінші кезекте балаларға, бірнеше ауруы бар азаматтарға, иммунитеті әлсіз адамдарға екпе жасалады. Одан бөлек, спецификалық сипаттан тыс алдын алу шаралары бар. Ол біздің жалпыға ортақ гигиенамызға, маска тағуымызға, әлеуметтік қашықтықты сақтауымызға, бұқаралық шараларға немесе орындарға барудан шектелуімізге байланысты. Ауруды алдын алудың негізгі жолдары осы», - деді Татьяна Цечоева ҚазАқпарат тілшісіне.

Инфекциялық орталықтың басшысы коронавирус инфекциясын жұқтырудың алғашқы белгілерін есіне салды.

«Бұл инфекцияның ерекшелігі: халықтың 70-75 пайызы коронавирусты жеңіл және симптомсыз дәрежеде көтеруінде. Алғашқы симптомдары: кез келген вирусты инфекция секілді дене қызуының көтерілуі, бұлшықеттердің ауыруы, бас ауруы, иіс сезу қабілетінің әлсіреуі. Аурудың бұл белгілері бір уақытта, кейде тіпті жеке-жеке де байқалуы ықтимал. Денеде әлсіздік байқалып, тер басады. Бұл белгілер байқалған жағдайда науқас жергілікті емханаға хабарласып, содан кейін бұл адамды емдеудің жолдарын қарастырады», - деді ол.

Сонымен қатар Татьяна Цечоева коронавирус пен тұмаудың айырмашылығы туралы сөз қозғады.

«Осы вирусты аурулардың белгілерінің бәрі ұқсас. Алайда коронавирус инфекциясын жұқтырған адамда негізгі «нысана» - өкпе. Адамның өкпесінде тромб түзілуі мүмкін. Осыдан кейін бактериялық флораның белсенділігі күшейіп, өкпе қабынады. Егер ЖРВИ мен тұмау барысында вирусқа қарсы иммунитетімізді күшейтетін дәрілерді қабылдасақ, коронавирус жұқтырған кезде біз ол дәрілерді пайдаланбаймыз. Себебі цитокинді сілкініс пайда болады. Ал бізге керісінше оны басатын препараттарды қабылдау керек», - дейді маман.

Жоғары қарай