Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Индустрияландыру картасы: Табысты жоба өңдеуші өнеркәсіпті дамудың жаңа траекториясына шығарады

2020 жылдың 15 қыркүйек 2020 13:08

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгінде елімізде 2020-2025 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында Индустрияландыру картасы жобалары іске асырылып жатқаны белгілі. Ал өнеркәсіптің түрлі секторларын қамтитын Индустрияландыру картасы облыстардың ерекшеліктері мен бәсекелестік артықшылықтары ескеріле отырып жасалған. Осы карта аясында биыл өңірлерде жалпы сомасы 995 млрд теңгені құрайтын 206 жобаны іске қосу жоспарланған. 18 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр.

Өңдеу өнеркәсібінің көшбасшысы - Қарағанды

Әр аптаның сейсенбісінде өтетін Үкіметтің бүгінгі дәстүрлі отырысында дәл осы мәселелер қаралып, негізгі баяндаманы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов жасаған болатын. Оның айтуынша, 2020 жылдың 8 айында жалпы сомасы 204 млрд теңгені құрайтын 28 жоба пайдалануға беріліп, 4 300 жұмыс орны ашылды. 3-тоқсанның өзінде жалпы сомасы 97 млрд теңгені құрайтын 14 жоба іске қосылады деп жоспарланған. Ал жобалардың негізгі бөлігі 4-тоқсанда қосылмақ. Іске қосылатын жобалардың инвестиция көлемі бойынша Қарағанды, Ақтөбе және Алматы облыстары алдыңғы қатарда тұр.

«Биыл Қарағанды облысында «Linde Gas» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің техникалық газ өндіру бойынша Орталық Азиядағы ең ірі жобасы іске қосылды. Бұдан басқа, 80 пайыз өнімі экспортқа бағытталған ферроқорытпа зауытының 3-пешін іске қосу, сондай-ақ құю өндірісін жаңғырту және байыту фабрикасын салу жоспарланып отыр», - деді Бейбіт Атамқұлов.

Оның айтуынша, осы өңірге қарасты Саран моноқаласында автобустың және арнайы техниканың жаңа түрлерін шығару жобасын іске қосу көзделген. Осы жылдың 30 шілдесінде Саран қаласында «Аллюр» компаниялар тобы» мен «Татнефть» компаниясы арасында шина шығаратын зауыт салу туралы келісімге қол қойылған. Осы жобаны іске асыру отандық нарықтың қазіргі заманғы шина өніміне қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ автомобиль өндірісін оқшаулауды ұлғайтады. Жаңа өндірістерді іске қосу қала дамуына жаңа серпін береді.

«Нәтижесінде тарихи тау-кен металлургиялы Қарағанды облысы инженерлік-техникалық әлеуетімен бүгінгі таңда еліміздің өңдеу өнеркәсібінің көшбасшысы болып отыр», - деді министр.

Отандық автомобиль өндірісі 2 есе артады

Өнеркәсіп салаларының ішінде машина жасау саласы жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Өндіріс көлемі биылғы 8 айда 16,3 пайызға өсті. Автомобиль жасау секторы 51,8 пайыздық өсіммен саланың драйвері болып қала бермек. Биыл 45 мыңға жуық автомобиль шығарылды. Бұған қоса, Алматы қаласында жылына 45 мың бірлік қуаты бар «Hyundai» маркалы жеңіл автомобильдер шығаратын зауытты іске қосу отандық автомобиль жасау нарығының қуатын екі есе арттыратын болады.

«Бұл жобаны іске асыру бізге кузовты қалыптау және бояу арқылы автомобильдерді ұсақ түйіндік құрастыруға көшуді қамтамасыз етеді», - деді Индустрия министрі.

Оның айтуынша, биылдан бастап отандық автоөнеркәсіп және металлургиялық компания арасында «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында өндірілетін автомобиль дөңгелектерін қолдану бойынша кооперация басталды. Бұл автоөнеркәсіпті оқшаулауды ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Қостанай облысында да ірі машина жасау кластерін қалыптастыру бойынша ауқымды жоба іске қосылады. Онда ауыл шаруашылығы техникасы мен автомобильдерге арналған компоненттер шығарылады. Ауданы 38 мың шаршы метр болатын өндірістік кешен биыл желтоқсан айында іске қосылып, келесі көктемде жобалық қуаттылығына шығады. Бизнес-инкубатор елде ауыл шаруашылығы техникасы мен автомобиль өндірушілері үшін қажетті 2 мыңнан астам бөлшек мен тораптарды оқшаулау арқылы отандық қамту үлесінің өсуіне ықпал етеді. Әрі жаңа құзіреттерді ұлғайтуға әсер етеді. Қостанай қаласының өнеркәсіптік аймағында «КамАЗ» қозғалтқыштарына құрамдас бөлшектерін құю өндірісі де жолға қойылады. Қазіргі уақытта тиісті инвестициялық келісімге қол қоюға дайындалып, қыркүйек айында құрылысты бастау жоспарлануда. Өндірілетін өнімнің 95 пайызы экспортқа бағдарланып, Ресей, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, сондай-ақ Daimler неміс концернін қамтитын жаһандық құн жасау тізбегіне кіретін болады.

«Осылайша, өңір аграрлық бағыттан дамудың индустриялық-инновациялық кезеңіне өтеді», - деді Бейбіт Атамқұлов.

Электротехникалық машина жасауда серпін бар

Еліміздің электротехникалық машина жасау секторында да айтарлықтай өзгеріс бар.

Биыл отандық аккумуляторлар жаңа экспорттық нарыққа – Біріккен Араб Әмірліктеріне шықты. Ал ішкі қажеттілік 65 пайызға қамтылып отыр. Ел нарығы кабельдік өнімдермен 65, трансформаторлармен 85 пайызға қамтылған. Оның үстіне Петропавл қаласында 5-ші трансформатор зауыты іске қосылған кезде жылына тағы 10 мың трансформатор өндірісі қамтамасыз етіледі. Ішкі нарықты өлшеу жабдықтарымен жабдықтау 85 пайызға жетеді.

Дәрі-дәрмек өндірісін дамыту шаралары

Бүгінде 33 фармацевтикалық кәсіпорын дәрілік заттардың 922 түрлі өнімін шығарады. Фармацевтика өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 34,1 пайызға өсті. Коронавирус ігдеті басталғалы бері жеке қорғаныс құралдарын шығару көлемі 10 жаңа жобаны іске қосу есебінен 10 есе артты. Осылайша, бүгінгі таңда отандық кәсіпорындар қайта пайдаланылатын қорғаныш костюмдерін айына 504 мың дана және медициналық қолғаптарды айына 330 мың дана шығарады. Сондай-ақ медициналық маскаға деген ішкі қажеттілік толық қамтамасыз етілген. Күніне мұндай масканың 1,2 млн данасы шығарылады.

Бұл саланың тамырына қан жүгірту мұнымен тыйылмайды. Өйткені, 2020-2025 жылдарға арналған фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамыту жөніндегі кешенді жоспары аясында бірқатар шара жүзеге асырылады. Атап айтқанда, Фармацевтика саласының өндіріс көлемі 2 есеге арттырылады.

Дәрі-дәрмектердің экспорт көлемі 2 есеге немесе 116 млн АҚШ долларына дейін жеткізіледі. 1000 жаңа жұмыс орнын қамтитын 80 жаңа дәрі-дәрмек түрлерін өндіруді қарастыратын, жалпы сомасы 100 млн АҚШ долларын құрайтын кемінде 10 жаңа өндірісті іске қосу қамтамасыз етіледі. Медициналық бетперделерді шығаратын кәсіпорындардың қуаттылығы тәулігіне 1 миллионнан 2 миллион данаға дейін жеткізіледі. 2021 жылдың 1 тоқсанына қарай қорғаныс костюмдерін өндіру қуаты 500 мыңнан 1 миллион данаға дейін арттырылады.

Құрылысқа қажетті өнім шығаратын 38 жоба іске асады

«Мемлекет басшысы алға қойған маңызды міндеттердің бірі - импортты алмастыру және тұрғын үй құрылысындағы қазақстандық қамтуды 90 пайызға дейін жеткізу. Құрылыс нарығының қажеттілігін қамтамасыз ету үшін биыл құны 126 млрд теңгені құрайтын 38 инвестициялық жоба іске қосылады», - деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.

Оның айтуынша, бұл салада 2020 жылдың негізгі жобалары Нұр-Сұлтан қаласындағы көлемдік-блоктық үй құрылысы зауыты саналады. Сондай-ақ, құрылыс материалдарын өндіретін бірқатар ірі жобалар іске асырылады. Құрылыс материалдарын өндіру жобаларын іске асыру импорт үлесін 15 пайызға төмендетіп, тұрғын үй құрылысында қазақстандық қамту үлесін 90 пайызға жеткізуге мүмкіндік береді.

«Биылғы жобалар толық қуатқа шыққан кезде, олардың өндіріс көлемі 3 млрд АҚШ долларынан асады. Өндірілген өнімнің төрттен бір бөлігі экспортқа шығарылады. Бұл шамамен 800 млн. АҚШ долларын құрайды. Моноқалаларда жалпы сомасы 132 млрд теңгені құрайтын 15 жоба іске асырылып, 1 мыңнан аса тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланған. Осы жылы ауылдық жерлерде жалпы сомасы 376 млрд теңгені құрайтын 77 жоба іске асырылып, 5 800 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарда бар», - деді ол.

Жалпы, Индустрияландыру картасы аясында Қазақстанда бұрын өндірілмеген жаңа өнім түрлерін, атап айтқанда кабель өнімінің 7 түрін, карьерлік және жол техникасының жаңа түрлерін, жаңа түрдегі композитті коагулянттарды, газ талдағыштарды, кіші және үлкен диаметрлі тегеурінсіз темір бетон құбырларды, тыңайтқыштардың жаңа түрлерін, құрылыстағы көтерме механизмі, трансформаторларды шығаруға арналған панельдік радиатрлар, астық кептіргіш, комбайндардың жаңа түрлерін, термос вагондар, ламинатталған фанерлерді шығару жоспарланған.

Индустрияландыру картасы экспортты 325 млрд теңгеге ұлғайтады

Үкімет отырысында жан-жақты талқыға түскен мәселе бойынша түйін сөз айтқан Премьер-Министр Асқар Маминнің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында индустриялық даму бойынша Үкіметке бірқатар маңызды міндеттер жүктеді. Оның ішінде өңдеуші өнеркәсіп өндірісін 5 жылдың ішінде кемінде 1,5 есе арттыруымыз қажеттілігі де бар. Айта кетерлігі, осы жылғы 8 айда өңдеуші өнеркәсіпте оң динамика қалыптасып, 3,3 пайызға өсті. Бұл көрсеткішке пандемия мен әлемдік экономикадағы құлдырауға қарамастан қол жеткізіліп отыр.

«Биыл Индустрияландыру картасы аясында жалпы сомасы 996 млрд. теңгеге 206 жобаны іске қосу жоспарланған. Бұл өндіріс көлемін 1,3 трлн теңгеге, экспортты 325 млрд теңгеге ұлғайтуға және 19 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Салалар бойынша жобалардың негізгі бөлігі машина жасауға, тау-кен металлургия кешеніне, агроөнеркәсіптік кешенге, энергетикаға тиесілі», - деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, Алматыдағы «Hyundai» және Қостанайдағы «Chevrolet» жеңіл автокөліктерін құрастыру бүгінгі таңда индустрияландырудың жарқын үлгісі болып отыр. Қарағанды облысында техникалық газ өндіру жобасы мен алтын өндіретін фабрика іске қосылды. Машина жасау саласының дамуы локализация деңгейін және Қазақстанда шығарылатын құрамдастардың номенклатурасын бірнеше мыңға кеңейтуге ықпал етеді. Бұл өндірістер жұмыс орындарының санын ұлайтады.

Құрылатын Кәсіпкерлікті дамыту қоры 3 пайыздан аспайтын мөлшерлеме бойынша қолжетімді кредит беру арқылы кәсіпорындарды кеңейту мен жаңғыртуға бағытталады.

Асқар Мамин тапсырмалары

«Сонымен қатар, бірқатар мәселеге назар аудару қажет:. Бірінші. Қазіргі кезде сыртқы нарықтағы тұрақсыздық деңгейі өте жоғары.Сондықтан барлық күш-жігерді сыртқы және ішкі сұраныс неғұрлым тұрақты салаларға, оның ішінде жеңіл өнеркәсіп, тамақ және химия өнеркәсібі, машина жасау және фармацевтика салаларына жұмсау қажет. Кеңінен пайдаланылатын отандық құрылыс материалдарын, шыны, керамика, санфаянс және тағы басқаларды өндіруді көбейту керек», - деді ол.

Премьер-Министрдің айтуынша, әлемде көміртегі бағасының төмендеуі технологиялық күрделі салаларға мән беру қажеттігін көрсетіп отыр. Бұл мұнай-химия және газ өңдеу салаларына қатысты.

«Сондықтан Индустрия министрлігіне мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, биылғы жылға жоспарланған барлық жобаларды іске асырып қана қоймай, Индустрияландыру картасының жобалары пулын қосымша қарап, кеңейтуді, жаңа жобаларды қарастыруды тапсырамын», - деді ол.

Үкімет басшысы екіншіден, жобалардың барлығы өңірлерде іске асатынын, биыл капитал салымын ең көп қажет ететін жобалар Қарағанды, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Павлодар облыстарында және Алматы қаласында іске асырылып жатқанын айтты.

«Қалған өңірлер жобаларды іске асыруды жандандырсын. Әкімдер Индустрияландыру картасындағы жобалар бойынша жеке жауапты болады», - деді Премьер-Министр.

Ол үшіншіден, моноқалаларда индустриялдық жобаларды дамыту керектігіне назар аудартты. Бұл жағынан Қарағанды облысының Саран қаласы жақсы үлгі бола алатынын, онда автобустар мен арнайы техника шығаратын ірі жобаны іске асыру басталғанын үлгі етті. Жалпы, бұл қалада 1000 тұрақты жұмыс орны құрылады, автобустар мен арнайы техника шығару көлемі жылына 1500 бірлік көлемінде жоспарланған. Бұған қоса жылына 3,5 млн дейін автошина өндіретін жоба қарастырылып жатыр. Оның 30 пайызын экспортқа шығару жоспарланған. Бұл тағы да 1 мың жұмыс орны деген сөз. Саран қаласына салынатын инвестициялар көлемі 150 млрд теңгені құрайды, жыл сайын 160 млрд теңгеге өнім шығарылады. Оған қоса әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымды қалпына келтіру және жаңадан салу басталды. Соның ішінде, үйлер мен әлеуметтік нысандар бар.

«Осындай деңгейдегі өндірісті барлық моноқалаларда дамыту қажет. Сондықтан әкімдер инвесторлармен белсенді жұмыс жүргізіп, оларға қажетті жағдай жасауы тиіс, халықты жұмыс орындарымен қамту керек»», - деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысының айтуынша, төртіншіден, қазіргі уақытта әлемдік экономикада тауар айналымының өсу қарқыны жаһандық экономиканың өсу қарқынынан да төмен деңгейге дейін баяулап жатыр. Алдағы жылдары өткізу нарықтарының өсу қарқыны есебінен экстенсивті даму шектеулі болады. Сондықтан сыртқы сұраныс үшін бәсекелестікке көп мән беріледі. Осыған байланысты өнімнің сапасы мен түрлері, қосылған құн көлемі мен бәсекеге қабілеттілігі бірінші орынға шығады.

«Біз үнемі мониторинг жүргізіп, ұлттық өндірістік әлеуетімізді және оның технологиялық әлеуетін арттыруымыз қажет. Осы бағыттағы статистика мен халықаралық рейтингтер үнемі бақылауда болуы тиіс. Сондықтан жаңа технологияларды өндірістік процеске енгізу - біздің маңызды міндетіміз. Осыған орай Индустрия министрлігіне осы бағыттағы жұмысты күшейтіп, цифрлық және инновациялық технологияларды қолданатын кәсіпорындарды қосымша ынталандыру мүмкіндігін пысықтауды тапсырамын. Цифрлық даму министрлігі өндірістік процеске озық технологияларды, әсіресе, роботтар мен жасанды интеллектті енгізу деңгейіне мониторингті күшейтсін», - деді Премьер-Министр.

Ол бесіншіден, Мемлекет басшысы Үкіметке жылдың соңына дейін «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң әзірлеуді тапсырғанын еске салды.

«Заң жобасын әзірлеу кезінде стратегиялық басымдықты, негізгі индикаторларды анықтау, сондай-ақ өнеркәсіптің жаңа секторларын қолдау шараларын кеңейту өте маңызды. Индустрия министрлігіне қазанның соңына дейін заң тұжырымдамасының жобасын әзірлеп, Үкіметке енгізуді тапсырамын», - деп сөзін түйіндеген Асқар Мамин бұл міндеттердің орындалуын орынбасары Роман Склярға жіті бақылап отыруды тапсырды.


Жоғары қарай