Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Индустрияландыру бағдарламасы аясында іске қосылған 1527 зауыттың төртеуі тоқтап тұр

2021 жылдың 2 сәуір 2021 18:13

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Индустриялық даму комитетінің төрағасы Марат Қарабаев Индустрияландыру бағдарламасының аясында ашылып, тоқтап қалған зауыттардың тағдыры туралы ақпарат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері қазақстандықтардың Корея мен Түркияға жұмыс іздеп кетіп жатқанын айта келіп, Индустрияландыру бағдарламасы жұмыссыздықты неге жоя алмады деген сауал қойды.

«Соңғы 10 жылда 212 мың жұмыс орны ашылған. Былтыр 18 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Биылғы 110 жобаның шеңдерінде 12,5 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Яғни жұмыс орындары бар. Бұл ретте мәселе біліктілікте болуы мүмкін. Қазір біздегі машина жасау саласының 6 зауытында 720 жаңа қызметкер керек болып отыр. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл тұрғыда жақсы жұмыс істеп, әр салаға мамандар даярлап жатыр. Жалпы зауыттар жабылып қалған жоқ. Біз айтқан 212 мың жұмыс орны тұрақты істеп тұр», - деді комитет басшысы.

Марат Қарабаев қазір тоқтап тұрған 4 зауыттың бәрі бағдарламаның бірінші кезеңінде қолданысқа берілгенін ескертті.

«Индустрияландыру бағдарламасы екі кезеңге бөлінеді. Екінші кезеңде салынған зауыттардың бір де біреуі жабылған жоқ. Ал бірінші кезеңде салынған зауыттардың жетеуімен проблема болған. Соның үшеуі қайтадан толық іске қосылды», - дейді маман.

Оның бірі – Ақмола облысындағы сирек металдар өндіретін зауыт. Бұл зауытқа басқа инвестор тартып, қайта іске қосылған. Екінші зауыт – Қостанай облысында тауық етін қайта өңдеуі керек болған. Былтыр 100 мыңнан астам шөже алып, биыл соны қайта өңдеуге дайындалып жатыр. Үшіншісі –Павлодардағы алтын өндіретін зауыт. 2013-2014 жылдары тұрып қалды. Кейін басқа инвестор сатып алып, 2015 жылдан бастап тұрақты жұмыс істеп келе жатыр.

«Ал қазір 10 жылда іске асырылған 1527 жобаның арасында төртеуі тоқтап тұр. Біреуі – Ақтөбе облысындағы химиялық өндіріс зауыты. Бұл жерде екі құрылтайшының арасында келіспеушілік болған. Қазір Израиль компаниясымен келіссөз жүріп жатыр. Сол инвестор кіргелі жатыр. Ал Қарағанды облысында телекоммуникациялық кабель шығаратын зауыт іске қосылып, кейін тоқтап қалды. Айналым қаражатын «Сбербанктен» алып, несиесін төлей алмағандықтан тұралаған. Оған қазір мемлекет «Қазына Капитал менеджмент» компаниясы арқылы қолдау көрсетпекші. Бұл ұйым зауыттың құрылтайшысы ретінде кіріп, қарыздан құтқарады. Зауыт банк алдындағы міндеттемесін орындағаннан кейін иесіне қайтарылады. Яғни ол да қайта іске қосылады», - деді ведомство басшысы.

Комитет төрағасы Батыс Қазақстан облысындағы тұралап қалған зауыттарға да тоқталды.

«Батыс Қазақстанда жиһаз өндіретін және ет өңдеу зауыттары болған. Ет өңдеуші зауыт банкротқа ұшыраған. Қазір оған басқа инвестор кірмекші. Ал жиһаз зауытының айналым қаржысы болмай қалған. Қазір «Даму» бірге жұмыс істеп жатыр. Екінші деңгейлі банктен айналым қаржы алса, «Даму» 85 пайыз кепілдік береді. Сонда 1527 жобаның ішінде 4 зауыт деген 0,3 пайыздан төмен болады. Оларды да алдағы уақытта қосамыз», - деді Марат Қарабаев.


Жоғары қарай