Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Индустрия министрлігі битум бағасының өсуіне жол бермеу мәселесін пысықтап жатыр

2021 жылдың 6 сәуір 2021 10:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл көлік инфрақұрылымын дамыту жобаларына 18 млн тонна қиыршық тас, 120 мың текше метр темірбетон және 1 млн 300 мың тонна битум қажет. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Үкімет отырысында осы қажеттіліктер қалай қамтамасыз етілетінін баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір құрылыс маусымына дайындық жүргізіліп жатыр. Биылғы міндеттерді орындау үшін 18 млн тонна қиыршық тас, 120 мың текше метр темірбетон бұйым және 1 млн 300 мың тонна битум қажет», - деді ведомство басшысы.

Министрліктің дерегі бойынша, елдегі битум зауыттары жылына 1 млн тонна өнім шығара алады. Яғни, қосымша 300 мың тонна битумды сырттан алу қажет деген сөз.

«Қазір қиыршық тас пен темірбетон бұйымдары толық дайындалған. Сондай-ақ, битумның 325 мың тоннасы әзірленді. Жыл сайын құрылыс маусымында битум тапшылығы байқалып, нарықта баға көтеріліп жатады. Бұл жұмыстардың барысына әсер етпей қоймайды. Қазіргі уақытта Энергетика министрлігімен битумды уақтылы жеткізу және бағаның өсуіне жол бермеу мәселесін пысықтап жатырмыз», - деді Бейбіт Атамқұлов.

Министр биылғы маусымда 20 мың жол-құрылыс техникасы, 81 асфальтбетон зауыты мен 79 ұсақтап-сұрыптау қондырғысы жұмылдырылатынын атап өтті.

«Жалпы алғанда, жол-құрылыс жұмыстарына 200 мыңға жуық адам тартылады. Оңтүстік өңірлерде құрылыс жұмыстары басталып кетті. Ауа-райы жылынғаннан кейін құрылыс жұмыстары барлық нысанда басталады», - деді сала басшысы.

Еске салсақ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі аталмыш шарада алдағы 5 жылда қанша жол салынатыны туралы мәлімет берген болатын.

Сондай-ақ, биыл Талдықорған-Өскемен бағытындағы 768 шақырым жолда реконструкциялау жұмыстары аяқталатыны белгілі болды.


Жоғары қарай