Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 24 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

IMD рейтингі: Кәсіпкерлер екінші жыл қатарынан елімізде жемқорлықтың азайғанын растап отыр

2020 жылдың 29 маусым 2020 12:23

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Осы айда Халықаралық менеджментті дамыту институтының (Institute for Management Development, Швейцария) әлемдік бәсекеге қабелетті зерттеу орталығы «IMD-2020» жаһандық бәсекеге қабілет рейтингінің нәтижесін жариялады. Бұл жөнінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Елдің бәсекеге қабілеті ұлттық экономиканың бәсекеге төтеп бере алатын бизнес қалыптасатын ортаны жасау және қолдауына байланысты болады.

«Қазақстан сауалнама негізінде қалыптасатын және кәсіпкерлердің жемқорлықты қабылдауын көрсететін парақорлық пен жемқорлыққа қарсы іс-қимыл индикаторы бойынша екінші жыл қатарынан өз орнын жақсартты. Биыл бағалауға қатысқан 63 мемлекеттің арасында еліміз 29-дан 27-ге, яғни 2 орынға көтеріліп, 10 баллдың 5,01 баллын алып, орташа әлемдік көрсеткіштен (4,80) асты. Бұл - еліміздің осы рейтингке қатысқан кезеңдегі ең жоғары нәтижесі (2018 жылы – 39 орын және 3,43 балл, 2019 жылы – 29 орын және 4,28 балл)» делінген хабарламада.

Қазақстан бұл талап бойынша Польшадан (28 орын), Израильден (30), Оңтүстік Кореядан (31), Литвадан (32), Қытайдан (33), Испаниядан (39), Чехиядан (44), Ресейден (51) және басқа біраз елден жоғары тұр.

Жоғарыда аталған жетістіктер басқа 8 халықаралық рейтинг агенттігінің мәліметтерімен қоса Транспаренси Интернешнлдің сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексінің балын есептеу кезінде ескеріледі.

Жалпы, бизнес жүргізудегі жемқорлықтың біртіндеп төмендеуін Бүкіләлемдік банктің «Enterprise Survey», Қазақстандағы Транспаренси Интернешнлдің «Сыбайлас жемқорлықтың жай-күйіне мониторингі», PRS «Елдік тәуекелдерді бағалауын» және басқа агенттіктер жүргізген зерттеу нәтижесі де айғақтайды.

Осы тұрғыдан алғанда Covid-19 пандемиясының әсерінен әлемде орын алған қиын жағдайға қарамастан, инвестициялық белсенділіктің жанданып жатқанын атап өткен жөн.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен «Атамекен» ҰКП өз тарапынан отандық және шетелдік инвесторлардың жалпы сомасы 12 трлн теңгеден астам 475 жобасын сүйемелдей отырып, кәсіпкерлерді сыбайлас жемқорлық көріністері мен әкімшілік бюрократиядан қорғауды жалғастыруда. Жыл басынан бері Антикор қылмыстық-құқықтық шаралар аясында лауазымды тұлғалардың бизнес жүргізуге заңсыз араласуының 80-нен астам фактісін анықтап, 200-ге жуық кәсіпкердің құқығын қалпына келтірді» деп мәлім етті агенттік.


Жоғары қарай