Ауа райы
Астана 25 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Іле Алатауы ұлттық табиғи паркі қауіпсіздікті қалай қамтамасыз етеді

2020 жылдың 25 маусым 2020 17:48

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қоғамдық кеңесінің мүшелері мен министрлер Іле Алатауы табиғи ұлттық паркінде туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Іле-Алатауы табиғи ұлттық паркіндегі 35 гектар жерді жалға алған «Култау и К» ЖШС директоры Александр Гужавиннің қатысуымен қоғамдық кеңестің онлайн отырысы өтті.

Айта кетейік, Александр Гужавин жалпы көлемі 35 га болатын Үлкен Алматы, Кіші Алматы, Камен, Талғар, Көкбастау, Түрген орман шаруашылығы аумағын пайдалануға алған. Тендерлік комиссияның шешімімен №1 лот жеңімпазы болып «КУЛТАУ и К» ЖШС танылған болатын.

Жеке инвестор барлық қатысушыларды жаңа жобамен таныстырды. Оның айтуынша, жоба табиғатты қорғауға, қолжетімділікті, жайлылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектеседі.

«2019 жылға жасалған талдауға назар аударсақ, туристер тауда екі күн сайын адасып кететін. Яғни бір жылда 180 адам. Менің ойымша, бұл - тау үшін өте көп», - дейді Александр Гужавин.

Сонымен қатар ол волонтерлер тарапынан ұсынылған ерекше идеяны атап өтті.

«Бізде бір қызық жағдай болды. Сиверс алма ағашын отырғызған күні алты ай бұрын тауда жоғалып кеткен қыз табылды. Ол тауға жалғыз кеткен екен. Содан кейін Әсел атты волонтер қарапайым бастама жасады. Мұндағы әрбір орталықта журнал болуы керек.Тауға баратын туристердің барлығы осы журналға тіркелуі тиіс. Онда адамдар қай бағытта кіммен бара жатқаны туралы толық ақпарат қалдырады. Бұл - республикалық жедел- құтқару жасағы үшін үлкен көмек болмақ»,– деді ол.

Өз кезегінде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев қауіпсіздік мәселесінде шет елдердің тәжірибесі де зерттелгенін айтты.

«Біз мұның барлығы шетелде қалай ұйымдастырылғанын көрдік. Негізгі шарт - жақсы ойластырылған бағыттарды құру немесе ұйымдастыру. Біз Америкадағы бірнеше ұлттық паркте болдық. Сіз жай ғана кез келген жерде жүре алмайсыз. Оған рұқсат жоқ. Барлық туристік бағыттар қауіпсіздік ережелерімен қамтамасыз етілген. Туристердің өз бетінше қалаған жағына кетуіне жол бермеу үшін заңмен реттеу керек шығар. Бұл - қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты шарттарының бірі», - деп толықтырды Е. Нысанбаев.

Бұған дейін, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері журналистерге паркті дамытудың шеберлік жоспарын таныстырған болатын.

Еске салайық, Іле Алатауы табиғи ұлттық паркінің біраз аумағы 49 жылға жекеменшікке пайдалануға берілді.


Жоғары қарай