Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 389.34
EUR 428.78
RUB 6.05
CNY 55.45

ІІМ: Жемқорлықпен күрес мәселелері бойынша іс-шаралар жоспары бекітілмек

2019 жылдың 12 наурыз 2019 18:12

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ішкі істер министрлігін реформалаудың Жол картасы негізінде әзірленген құқық қорғау органдарындағы жемқорлықпен күрес мәселелері жөніндегі 2019-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың басшылығымен, сондай-ақ қоғам өкілдерінің қатысуымен арнайы кеңес өтті. Басқосуда ІІМ-гін реформалаудың Жол картасы негізінде әзірленген құқық қорғау органдарындағы жемқорлықпен күрес мәселелері жөніндегі 2019-2020 жылдарға арналған іс-шаралар Жоспары жобасы талқыланды.

Жоспарды әзірлеу кезінде соңғы жылдарда, әсіресе әлеуметтік желіде талқыланған қоғамның ұсынысы сарапқа салынып, жан-жақты талданған.

«Полиция ашық болуы керек. Полиция халыққа жақын болуы тиіс. Бұл мәселе бүгінгі таңда қабырғамызда алғаш рет талқыланып отыр. Өздеріңіз көріп отырғандай, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, қоғам өкілдерін қатыстырып үлкен мәселені талқылап отырмыз. Өткен жылы Жол картасы бекітіліп, Елбасының тапсырмасымен Ішкі істер органдарының жұмысын жандандыру, халықпен тығыз қарым-қатынасын күшейтуге орай 9 бағыт анықталған болатын. Соның бір бағыты - ішіміздегі сыбайлас жемқорлықты тазарту. Яғни, Ішкі істер министрлігінің сапында сауатсыз әрі өз басының пайдасын ойлайтын қызметкерлерге орын жоқ», - деді Ішкі істер министрінің кеңесшісі, ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз жиналыс кезінде тілшілерге берген сұхбатында.

Министрдің кеңесшісінің айтуына қарағанда, қоғам белсенділері де бұл мәселе бойынша күш салуда.

«Біз бұны бұдан ары қарай көпшіліктің талқысына шығарамыз. Содан кейін Агенттікпен бекітіп, ары қарай жұмыс істейтін боламыз. Жоспар жобасы Ішкі істер министрлігінің сайтында жарияланады», - дейді ол.

Нұрділдә Ораз сонымен бірге жемқорлықпен күресудің нақты бағыттары туралы да сөз қозғады.

«Көшедегі камералар, болмаса қызметкерлердің кеудесіндегі камералар арқылы бақылау күшейеді. Кез келген оқиға бойынша қызметтік тексеріс жүргізіп, егер қызметкердің кінәсі дәлелденіп жатса, оны жұмыстан қууға дейін қатаң жаза қолданатын боламыз. Қылмыспен күресуден бұрын жемқорлықтың алдын алуға мән береміз», - дейді ол.

Жоғары қарай