Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Хамзат Янгулбаев: Қазақ халқы жер аударылғандарға пана болды

2021 жылдың 31 мамыр 2021 17:11

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы түрлі этнос өкілдері саяси қуғын сүргінге ұшыраған ата-бабалары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1944 жылдың қысында Қазақстан жеріне Шешен-Ингуш АКСР аумағынан шешендер мен ингуштер жаппай жер аударылды. Осылайша, жарты миллионға жуық адам өз үйінен айырылды. Отанын сатқандар деп айып тағылғандар мал тасымалдауға арналған вагондарға тиелді.

Уақыт өте келе тағылған айыптар алынып, шешендер мен ингуштарға туған жеріне оралуға рұқсат етілді. Алайда бастан кешкен аса ауыр кезеңдер қуғын-сүргінге ұшырағандардың ғана емес, олардың ұрпақтарының да мәңгі есінде қалды. Барымен бөлісіп, басына пана болған қазақ халқының кеңпейілділігі мен қонақжайлылығы, бүгінде әр отбасында ұрпақтан ұрпаққа айтылып, ұмытылмай келеді.

Солардың бірі – шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің мүшесі Хамзат Янгулбаевтың отбасы. Қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпағы сол қиын сәтті есінен шығарған жоқ. Енді ондай зұлмат заманның болмауын тілейді.

«Мен Шатоя ауылынан келген альпинистпін. Ата-бабам Шешенстан Республикасының оңтүстігін мекендеген. Халқымды депортациялау 77 жыл бұрын болыпты. 1944 жылы 23 ақпанда жол жөндеушілердің киімін киген әскерилер ауылға келді. Олар адамдарды жинап, мәжбүрлі түрде басқа елдерге жер аударды. Таулы аймақтарда тұратын халықтардың қалың қардың салдарынан таудан түсуі қиын болғандықтан, тапсырманы бұлжытпай уақытынды орындау үшін оларды қораларға кіргізіп, өрт қойды», - дедіХамзат Хасанұлы.

Оның айтуынша, шамасы жеткені қашып құтылды, алайда ондайлардың қатары көп болмаған. Өйткені, жер аударылғандардың басым бөлігі қарттар, әйелдер мен балалар болды. Бұл кезде ер адамдар Ұлы Отан соғысы майданында еді. Кеңес Армиясының қатарында болған және отанын қорғаған сарбаздар да күштеп қоныс аударылды. Хамзат Янғұлбаевтың ата-бабасы туған ауылынан Шығыс Қазақстан облысына жеткізілген.

«Мұнда тұратын қазақ халқы бізді жылы қабылдады. Олардың мейірімділігінің, адамгершілігінің арқасында аман қалдық. Алдымен Ұлан ауданында тұрдық. Кейін әкем Алтай ауданына барды. Ол жерде кен орынында жұмыс істеді», - деді шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің мүшесі.

Янгулбаевтар отбасы ұзақ жылдар бойы Өскеменде тұрып, адал еңбек етті. Кейін Овечий ключ ауылына көшті. Ақталғаннан кейін тарихи отанына оралуға мүмкіндік туған. Алайда Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген Хамзат Хасанұлы осында қалып, шаңырақ көтерді. Әйелімен бірге білім алып, үш бала тәрбиеледі.

Қуғын-сүргінге ұшырағандардың ішінде Өскемен қаласының тұрғыны Лидия Рооттың да отбасы бар. Еділ немістерінің ұрпағы бұрын Саратов облысының Балцер қаласында тұрған туыстарының қалай депортацияланғаны туралы естеліктерімен бөлісті.

Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін, Сталиннің бұйрығымен әжесі Мария Яковлевна балаларымен бірге Алтай өлкесінің Хуторка ауылына жер аударылған екен. Онда оны орман ағашында ауыр жұмыс күтіп тұрды. Сөйтіп ол бір көзінен айырылды. Лидияның әкесі – Генри ол кезде артиллериялық полкте әскерде қызмет еткен.

«Әкем Шығыс Қазақстан облысының Белоусовка ауылына жер аударылды. Ол шахтада жұмыс істеп, ерен еңбегі үшін медальмен марапатталды. Мұнда байыту фабрикасының құрылысы кезінде ол менің анам – Мария Колпаковамен танысты», - деді Лидия Роот.

Лидия Генриховна Семейдегі медициналық институтты бітіріп, өмірінің 48 жылын медицина саласына арнаған. Ата-анасының жолын қуып, ол орыс жігітіне тұрмысқа шықты. Интернационалдық отбасыда екі бала дүниеге келді. Ұлы Өскеменде, ал қызы Германияда тұрады.


Жоғары қарай