Ауа райы
Астана -22 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Халық үні» әлеуметтік жобасын жүзеге асыру бағыты түсіндірілді

2020 жылдың 16 қазан 2020 18:29

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов «Халық үні» әлеуметтік жобасы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі еліміздегі азаматтық бастамаларды мемлекеттік тұрғыда қолдап келе жатқан басты үйлестіруші мемлекеттік органда. Бұл ретте барлық міндеттеріміз үкіметтік емес ұйымдармен тікелей қарым-қатынаста шешіп, қоғам белсенділерімен бірге атқарылады. Азаматтық қоғамды дамыту концепциясы қабылданғалы бері бұл бағытта орасан зор жұмыс іске асырылды. Десе де бүгінгі жағдайда жеңістерімізбен бірге жетпеген тұстарымызды да айта отыру керек. Мәселен, елімізде түрлі әлеуметтік мәселелермен айналысатын 22 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым тіркелген. Бірақ нақты істердің басында белсенділік көрсетіп жүргендердің саны 5 мыңнан аспайды. Бұл дегеніміз, қаншама бастама мен әлеуметтік мәселе өз белсендісін таппай жүргенді білдіреді», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде.

Осы орайда көптеген елде әлеуметтік мәселелер үкіметтік емес ұйымдардың, азаматтық белсенділердің еншісіне берілгенін еске салды.

«Сондықтан Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тікелей қолдауымен, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, құқық қорғаушы Айман Омарованың бастамасымен және «Altyn Qyran Foundation» қайырымдылық қорымен әріптестікте «Халық үні» әлеуметтік жобасы ұсынылып отыр. Бұл жоба үшжақты әріптестіктің бірігей көрінісі, ауылдардағы қарапайым адамдардың мәселелерін шешудің, осы арқылы Мемлекет басшысы жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының іс барысында орындалуының бірден бір үлгісі болады деген үміттеміз», - деді Болат Тілепов.

Оның пайымынша, осындай игі істерге кәсіпкерлердің араласып, әріптес болуының маңызы зор.

Өз кезегінде құқық қорғаушы Айман Омарова аталған жобаның қалай пайда болғанын түсіндірді.

«Қарапайым халықтың арасында жүріп, тыныс-тіршілігін таразылау барысында кейбір адамдардың құқықтық сауаты төмен екенін байқадым. Салдарынан құрғақ жерде сүрініп, болмашы дүниеден бүгіліп, тағдыр тауқыметін тартуда. Әсіресе, бюрократтық кедергі салдарынан мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алмай қиналуда. Бұл тұрғыда мақсатым біреу – халықпен кедергісіз байналыс орнату әрі азаматтардың мемлекеттік органдардың қызметіне сенімін арттыру», - деді ол.

А. Омарованың айтуынша, «Халық үні» жобасын әзірлеу барысында негізгі алты міндет қойылды. Осы орайда билік пен бұқара арасындағы ынтымақтастық байланысты нығайту, мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік төлемдерді алу тәртібін тұрғындарға кенінен түсіндіру, әлеуметтік әл-ауқатын арттыру мақсатында жүзеге асып жатқан мемлекеттік саясатты жан-жақты түсіндіру, шалғай аймақ тұрғындарының құқықтық ақпараттандыру жұмысын жетілдіру, халық арасындағы түрлі әлеуметтік мәселелерді талдап таразылап, мониторинг жасау, сондай-ақ мемлекеттік орган жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету арқылы халықпен ұдайы кері байланыс орнату мақсаттары қамтылған.

«Сондықтан біз «Халық үні» жобасы негізінде тұрғындарға әлеуметтік желі арқылы және тікелей жақындау жолын іздейміз. Әлеуметтік желілерде кестеге сәйкес белгіленген уақытта тікелей эфирлер өткізу, тақырыптық бейне роликтер көрсету арқылы тұрғындардың құқықтық сауаттылығын көтеруді жөн деп санаймыз», - деді құқық қорғаушы.


Жоғары қарай