Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Халық санағы: 22 адамнан тұратын үлкен отбасы санақтан онлайн өтті

2021 жылдың 14 қыркүйек 2021 14:08

ҚАРАБҰЛАҚ. ҚазАқпарат - Түркістан облысы Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылында Абдазимовтар отбасы халық санағынан онлайн режимде өтті. Бұл отбасы 22 адамнан тұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Менің жеті балам бар-төрт ұл, үш қыз. Қазір үйде барлығы-22 адам. Біз барлық 22 адамға санақтан онлайн өттік және барлық отандастарымызды санақтан онлайн өтуге шақырамыз», - деді отағасы Абдулаким Абдазимов.

Ақсақалмен бір үйде оның ұлдары жұбайларымен бірге және 12 немересі тұрады. Қыздары тұрмысқа шығып, бөлек тұрады, олар да санақтан әкелері сияқты онлайн-форматта өткен.

14 қыркүйек сағат 9:00-дегі жағдай бойынша 2 465 217 респондент онлайн санақтан өтті. Олардың 2123896-сі sanaq.gov.kz сайтында, 244097 адам Egov порталында тіркелу арқылы жауап берсе, 97224 адам санаққа Аitu қосымшасы арқылы қатысты.

13 күннің қорытындысымен Алматы облысы алда. Мұнда 252149 тұрғын санақтан өткені жайлы хабарлама алған.

Онлайн санақтан өткен тағы 224842 адам Алматы қаласында тіркелген. Үздік үштікті Қызылорда облысы түйіндеді.

Мұнда 204546 адам санақ сауалдарына жауап берді.

Бұл көрсеткіш бойынша әзірге соңғы екі орынды Маңғыстау және Атырау облыстары еншілеп тұр. Бұл өңірлерде сәйкесінше 56926 және 53781 адам санақтан өтіпті.

Ал, жергілікті халық санына шаққандағы санақтан өткендердің үлесі бойынша Қызылорда облысы алда тұр.

Мұнда азаматтардың 24,9% сауалдарға жауап берген (1 тамыздағы жағдай бойынша өңірде 823052 адам тіркелген).

Бұл көрсеткіш бойынша Батыс Қазақстан облысы екінші орында.

Мұнда тұрғындардың 19,8% бүгінге дейін санақтан онлайн режимде өткен (1 тамыздағы жағдай бойынша өңірде 749754 адам тіркелген).

Ұлттық статистика бюросы азаматтардың белсенділігі үшін алғыс айта отырып, санақты онлайн өтуге шақырады.

Sanaq.gov.kz сайты 15 қазанға дейін тәулік бойы қолжетімді болмақ. Онлайн санақтан өтпегендер 1-30 қазан аралығында интервьюерлердің сауалдарына жауап бере алады.

Барлық сауалдар бойынша 1446 байланыс орталығына хабарласуға болады. Қоңырау шалу тегін.


Жоғары қарай