Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

«Халық қатысатын бюджет» жобасында қандай қадамдар қамтылған

2021 жылдың 22 желтоқсан 2021 19:09

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Халықтың мемлекеттік қаржыны басқару мен бақылауға қатысуына бағытталған бюджеттеудің жаңа тәжірибелерін кеңінен енгізуге қатысты елімізде тиісті бастамалар іске асырылып жатыр. Осы орайда бұл бағыттағы жаңа қадамдарға қатысты ҚР Қаржы министрлігі түсінік берді.

Мемлекет басшысының 2019 жылғы 15 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру үшін «Жергілікті бюджеттердің жобаларын әзірлеу қағидаларын бекіту туралы «Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 31 қазандағы № 470 бұйрығына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қаржы министрінің 2020 жылғы 12 наурыздағы № 254 бұйрығы қабылданды, онда халықтық қатысу бюджетін жүргізу рәсімдері айқындалған.

Бұйрық 2019 жылы Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында өткізілген халықаралық тәжірибе мен қанатқақты жобаны ескере отырып әзірленді.

«Халықаралық ынтымақтастық бойынша Қазақстан 2019 жылы алғаш рет құрамында 71 ел бар партисипаторлық бюджеттеудің әлемдік атласына қосылды. Осылайша, жергілікті деңгейде 2020 жылдан бастап республикалық, облыстық маңызы бар қалаларда және астанада «Халық қатысатын бюджет» іске асырылып келеді. «Халық қатысатын бюджетті» енгізудің мақсаты - жергілікті атқарушы органдардың оны қалыптастыру аясында жергілікті бюджет қаражатын бөлу кезінде халықтың ауқымды қатысуын қамтамасыз ету», - делінген Қаржы министрлігі мәліметінде.

Атап айтқанда, тұрғындардың қаланы абаттандыруда жергілікті бюджет қаражатын бөлуге қатысуға мүмкіндігі бар. Осы орайда аумақты көгалдандыру, тротуарларды, пандустарды, арықтарды салу және жөндеу, ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру, бордюрларды, қоқыс тастайтын жерлерді жою, ортақ пайдалану орындарында күркелер, орындықтар, урналар және балалардың ойнауы және ересек тұрғындардың демалуы үшін жабдықтар мен конструкциялар орнату, балалар ойын алаңдарын орнату, жөндеу және жарықтандыру ескерілген.

«Пайыздық арақатынаста тұрғындардың жобалық ұсыныстарын іске асыруға бағытталған шығыстардың ең аз көлемі айқындалған. Іске асырылып жатқан «жобалар» және оларды қаржыландыруға арналған қаражаттың пайдаланылуы туралы ақпарат интернет-ресурстарда, бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ әкімдердің халыққа есеп беру кездесулері барысында жария етіледі. Қазақстанның мемлекеттік органдары интернет-ресурстарының бірыңғай платформасындағы Әкімдіктердің парақшасында «Халық қатысатын бюджет» модулінде барлық оқырмандар тұрғындардың ұсыныстарының «жобаларын» онлайн режимде қысқа, түсінікті және егжей-тегжейлі түрде оның мәртебесін, таймлайнын, дауыс санын көрсете отырып, қадағалай алады», - деп аталып өткен министрлік ақпаратында.

Халықтың мемлекеттік қаржыны басқару мен бақылауға қатысуына бағытталған бюджеттеудің жаңа практикаларын кеңінен енгізуді пысықтау үшін Қаржы министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар қызметкерлерінің қатысуымен 2021 жылғы 15 сәуірде «Партисипаторлық бюджеттеуді дамытудың перспективалары мен сын-тегеуріндері. Қазақстан, Ресей және басқа елдердің тәжірибесі» тақырыбында Бірінші халықаралық онлайн-семинар өткізді. Сондай-ақ, халықаралық онлайн-семинарға 2007 жылдан бастап Ресей Федерациясында тікелей енгізіп келе жатқан партисипаторлық (бастамашыл) бюджеттеу саласындағы жетекші мамандар қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «халық қатысатын бюджет» табысты енгізілгенін атап өтті:

«Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту –басым бағыттың бірі. «Халық қатысатын бюджет» орталыққа бағынатын қалалар мен облыс орталықтарына табысты енгізілді. Азаматтардың нақты сұранысына сәйкес ондаған абаттандыру жобасы жүзеге асырылды. Бұл – жақсы тәжірибе. Енді абаттандыру және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының бюджетіндегі «халық қатысатын» үлесті 10 есе арттыру керек».

Осыған байланысты, Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру бойынша жалпыұлттық жоспардың 59 - тармағында мынадай іс-шаралар көзделген: «жергілікті бюджеттердің абаттандыру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бағдарламаларына «халық қатысатын бюджетті» 10 есе ұлғайту» (кемінде 5% деңгейге жеткізе отырып)» (орындау мерзімі - 2021 жылғы қараша).

Жалпыұлттық жоспардың 59-тармағын іске асыру үшін «Жергілікті бюджеттер жобаларын әзірлеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 31 қазандағы №470 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» ҚР Қаржы министрінің 2021 жылғы 18 қарашадағы № 1192 бұйрығы бекітілді.

Бұйрықпен «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы» функционалдық тобы бойынша жоспарланатын қала бюджеті шығыстарының жылдық көлемінен тұрғындардың жобалық ұсыныстарын іске асыруға бағытталған шығыстардың ең төменгі көлемін: республикалық маңызы бар қаладағы аудан, астана үшін 5% - дан төмен емес (бұрын 0,5% болған); облыстық маңызы бар қала үшін және облыстық маңызы бар қаладағы аудан үшін кемінде 10 % (бұрын 1% болған) ұлғайту бөлігінде жергілікті бюджеттердің жобаларын әзірлеу қағидаларына өзгерістер енгізілді.


Жоғары қарай