Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ғұмырдариясы ғибратты Ғадеке

2020 жылдың 24 қыркүйек 2020 22:34

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің құрылғанына 100 жыл толды. Осыған байланысты агенттікте ұзақ жыл қызмет еткендер, оған басшылық жасағандар туралы мақалалар топтамасын жариялау дәстүрге айналған еді. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары «ҚазАқпарат» агенттігі үлкен өзгерісті бастан өткерді. Бәрін жаңадан бастады десе де болады. Осы тұста агенттікке басшылық жасағандардың бірі танымал, ардагер тележурналист, қоғам және мемлекет қайраткері Ғаділбек Мінәжұлы Шалахметов болатын. Ол «Қазақ ақпарат агенттігі» ҰК» Акционерлік қоғамын 2002-2004 жылдары басқарды. Бүгінгі мақала да Ғаділбек Мінәжұлы жайлы болып отыр.

ҒАДІЛБЕК МІНӘЖҰЛЫ ШАЛАХМЕТОВ – танымал тележурналист, ұлағатты ұстаз, қоғам және мемлекет қайраткері. Қазақ политехника институтын, СССР Кино жөнiндегi Мемкомитетi жанындағы режиссерлер мен сценаристер жоға­ры курсын бiтiрген. 1960 ж. Қазақ ССР Ғылым академиясы Металлургия және байыту институтының жұмысшысы, аппаратшысы; 1967–1974 жж. Қазақ теледидарының редакторы, аға редакторы; 1977–1982 жж. Қазақ телевизиясының бас редакторы, комментаторы, бөлiм меңгерушiсi; 1983 ж. Қазақ ССР Кино жөнiндегi Мемкомите­тiнiң бас редакторы; 1983–1986 жж. Қазақ ССР Телевизия мен радио хабарлары жөнiндегi Мемкомитетi төрағасының орын­басары; 1986–1990 жж. Қазақ ССР Телевизия мен радио хабарлары жөнiндегi Мемкомитетiнiң төрағасы; 1991 ж. ҚР Президентiнiң баспасөз хатшысы; 1991–1992 жж. ҚР Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрiнiң бiрiншi орынбасары – Қазақ ССР Телевизия мен радиохабарлары жөнiндегi Мемкомите­тiнiң төрағасы; 1993–2002 жж. Мемлекетаралық «МИР» телекомпания­сының президентi, вице-президентi; 2002–2004 жж. «Қазқпарат агенттiгi» ААҚ президентi. 2004–2007 жж. ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі 11-ші шақырылымының депутаты.

«Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Кеңестік, қазақстандық публицист, 300-ден астам ғылыми және публицистикалық мақалалардың авторы, сценарист. Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдар академиясының академигі . 2009 жылдан бастап Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі.












Құдайберген ТҰРСЫН,

телезерттеуші, филология ғылымдарының докторы, профессор

Бастапқыда Камал Сейiтжанұлы Смайыловқа орынбасар, кейiн өзi телерадиокомитетте төраға болып iстеген, мемлекеттiк идеологияның ең өткiр саласын басқарған 1980–1990 жж. теледидардың «алтын ғасырына» баланған шақ болатын. Себебi Ғаділбек Шалахметов бастаған журналистер Қазақ телевизиясына жаңа бiр леп әкелiп, оның ауқымын кеңейтiп, деңгейiн биiктеттi. Осы шақта Одақтық және әлемдiк деңгейдегi телекөпiрлер мен телефестивальдар арқылы Қазақстан әлем деңгейiне таныла бастады. Көрермендердi таңдай қаққызып, бас шайқататын ұлттық нақыштағы телефильмдер мен халық дәстүрiнiң қайнарынан бастау алған кәусар бұлақтай тамаша концерттер түрлi тiлдерге аударылып, әлем көгiн шарлады. Десек те, iскер басшының дарынының дәрiптелiп, шеберлiгiнiң шынайылыққа айналуы да оның телеөнер баспалдағындағы «телекомментаторлық» қызметiмен тығыз байланысты. Алғашқыда Маңғыстау мұнайшылары жайлы өндiрiстiк бағыттағы хабарлар топтамасы Одақ назарын өзiне аудартса, ал сексенiншi жылдардың басындағы «Ритм» операциясы» телехабарлар топтамасы Ғадiлбектiң одақ көлемiнде «шашасына шаң жұқтырмас дарабоз» екенiн аудиторияға шынайы танытты.

Алпысыншы жылдардың басында республикалық телевидениенiң жастар редакциясында жұмыс iстеген Коля Чирков, Надя Белканова сынды танымал тележурналистер Ғадiлбекпен сырттай болса да Өскемен телестудиясындағы телесюжеттерi арқылы таныс болатын. 1967 ж. Ғ.Мiнәжұлы жастар редакциясына жұмысқа келгенде, осы редакцияның жастар бөлiмiн Iлияс Жансүгiровтың ұлы Болат Ғабитов басқаратын. Алайда, ол жұмыс бабымен редакциядан кетуге дайындалып жатқан. Сондықтан Мемлекеттiк телерадиокомитеттiң сол кездегi төрағасы Кенжеболат Шалабаев Болаттан орнына кiмдi қалдырасың деген сәтте, ол Ғадiлбектi атаған. Мiне, осы сәттен бастап Шалахметов өмiрiнiң ең шуақты күндерi Қазақ теледидарымен байланыста өрбiдi.

«Сынақ» (Испытание) фильмiндегi Маңғышлақтың мұнай королi Сафи Өтебаев, Рахмет Өтесiнов, Валерий Жваний тағдырлары арқылы құмды өлкенiң табиғат құбылыстарымен айқастағы ерен ерлiктерi кадрлерде паш етiлдi. Автомобиль апатынан орындыққа танылған, өлке ғана емес Одаққа танымал мұнайшы С.Өтебаев тағдыры фильмнiң басты өзегiне айнала келiп, осы арқылы өзге кейiпкерлердiң бейнесi нанымды әрi дәлелдi суреттелдi. Құм өлкесiнен орын тепкен, жаңадан бой көтерiп келе жатқан мұнайшылар қаласы Жаңа Өзенмен тағдырларын мәңгiлiкке табыстырған сан ұлттың ұл-қыздарының еңбек, өмiр жолындағы шынайы сезiмдерi бейне көрiнiстерде шебер және кәнiгi оператор камерасынан тыс қалмаған. Сол үшiн де 1977 ж. «Сынақ» фильмінiң сценарий авторы Ғ.Шалахметов пен операторы Марина Голдовская Ленин комсомолы сыйлығына ие болды. Өз iсiнiң тамаша шеберлерi түсiрген әрi ұлттық телеклассикаға айналған фильмдi республика, қала бердi Одақ көлемiнде көрсетпеген телестудиялар кемде-кем.

1979 ж. төраға К.Смайылов тәжiрибесi тәлiмге айналған, ойы өскен, кинода iстеп осы саланың қазанында қайнаған телекинопублицист Ғ.Шалахметовтi телерадиокомитетке орынбасарлыққа шақырды. - «Ғадiлбек телехабарлар жағын өзiне ал. Осы салада түсiнiспеушiлiктер болып жатыр». Солай етiп, кино саласынан тәлiмi бар Ғадiлбекке аз ғана жылдар iшiнде телевидениенi аяғынан қаз тұрғызу аса қиынға соға қойған жоқ. Қазақстан өнеркәсiп орындарының саны мен аумағы жағынан алыс-жақын шетелдердiң iшiнде алдыңғы орындардың бiрiнен саналады. Алып аумақты құрылыстар мен өндiрiс алаңдарында ел экономикасының нағыз шынайы майталман құрылысшылары мен жұмысшылары, инженер-техниктерi еңбек жасады. Қазақ теледидарының насихат және үгіт хабарларының бас редакциясы өндiрiс пен ауыл шаруашылығы, құрылыс пен көлiк, байланыс пен заң тақырыбына арналған арнаулы циклды хабарларында сол шаруашылықтардың өзектi мәселелерiн тiлге тиек еттi.

Қанша тапқырлық болса, сонша жақсы шығарма, қанша жақсы шығарма болса, сонша тапқырлық бар. Олай болса, тапқырлық деген ұғымның мағыналық ой аумағы өте-мөте кең де, жалпы теледидар үшiн атқарар мiндетi де орасан үлкен. Оған өз кезегiнде мазмұн мен түр де, ой мен образ да, сюжет пен композиция да – барша-баршасы жатады. Тапқырлық – бiр ойды бiрiншi рет айту, тапқырлық – бiрiншi рет солай суреттеу, тапқырлық – ескiнi су жаңа етiп бiрiншi рет қайта құлпырту, тапқырлық – бiрiншi рет жаңа түрге жол салу. Телеэкрандағы осы үрдiс елге ғана емес, өткен ғасырдың жетпiсiншi жылдарынан бастап Одақ көлемiне танымал телекомментатор, қабiлеттi ұйымдастырушы Ғ.Шалахметов жасаған «Ритм» операциясы» циклды проблемалық телетоптамаларының әрбiр санынан-ақ байқалды. Сексенiншi жылдардың басында «Ритм» операциясының» Орта Азия мен Қазақстан ғана емес, жалпы Одақ көлемiндегi тың құбылыс, жаңалық ретiнде бағаланғандығы ақиқат шындық. Бағдарламаның авторлары – Ленин комсомолы сыйлығының иегерi Ғ.Шалахметов пен үгiт-насихат редакциясы өнеркәсiп бөлiмiнiң меңгерушiсi, марқұм Г.Күзембаева экранда өтiп жатқан саналуан процестер мен оқиғаларды хабарлаушы дәрежесiнде ғана қалмай, бiр мезгiлде өндiрiс орындары арасында жасалынған келiсiмнiң орындалуын әрi оның жүзеге асырылуын бақылаушы ретiнде де көрiне бiлдi. Екiбастұз көмiрiн Одақ көлемiндегi 22 электрстансасы тұтынып, онда одақтағы жылу электр энергиясының әрбiр сегiзiншi киловаты өндiрiлетiн.

Ең бiр тартымдылығы осы жылдары экрандағы «Жұмысшы экраны», «Жақсы тауарлар мол болсын», «Ауыл оттары», «Гүлден, менiң Қазақстаным», «Туған жер түлектерi», «Жолдас» телефестивалi, «Индустриялы Қазақстан», «Коммунист және уақыт» т.б. хабарларда «сөйлегiш бастардың» экранда аз көрiнiп, өндiрiстегi процестердiң көп болуын, бiр шаруашылық, кәсiпорынды түгел аралап шығып, бәрiн шолып айту, проблема көтермей, тек хабарлаумен шектелудi азайту үшiн «сөйлей» емес, «көре» бiлетiн журналист-режиссерлер құрамын молайтуға күш салды. Оған себеп, сол кезеңде-ақ жағдай өзгере бастады. Қуаттанған, әлеуетi мол телевидение де баспасөз, радиомен қоса күрделi проблемаларды шешiлетiн жерiне лейін жеткiзiп отырды. Кеңес телевидениесiнiң 50 жылдығына арналған құттықтауда «...телевидение экономиканы дамытуға, экономикалық проблемаларды шешуге белсендi түрде қатыса алады» деп көрсетiлдi. Осы бағытта Екiбастұз отын-энергетика кешенiне арналған хабарлар Орталық телевидениеден көрсетiлiп, жоғары бағасын алды.

Ғ.Шалахметов тобында өз iсiнiң бiлгiр мамандары, теледидардың майталман шеберлерi – үгiт және насихат редакциясының бас редакторы Е.Кулагин, өнеркәсiп бөлiмiнiң меңгерушiсi Г.Күзембаева, редактор С.Задуллина, бас режиссер А.Семенов, режиссер Т.Рубцова т.б. бiрлесе еңбек еттi. Одақ көлемiндегi жетi өнеркәсiптiк аймақпен тiкелей теледидар байланысын орнату, шығармашылық топтың тығыз әрi өнегелi жұмыстарының нәтижесiнде жүзеге асты. Студиядағы қонақтар пiкiрi кезiнде, зал iшiндегi экраннан әңгiме желiсiне орай өндiрiстiк процестер тiзбектеле өтiп, сөйлеушiлер сөзiн нақтылы деректерге сүйенiп көрсетудiң жаңа бiр әдiсi пайдаланылды. Бұл видеоның жан-жақты мүмкiндiгiн режиссердiң көгiлдiр экранда бiлгiрлiкпен қолдануы едi. Теледидардың орасан зор мүмкiндiгiнiң арқасында өзектi мәселелер төңiрегiндегi пiкiрлер бiр арнаға тоғысып, топтамалы сериялы хабарлар легi өмiрге келдi. Дарынды тұлға құпия қақпаның кiлтiн тауып, өндiрiстiк тақырыптардыңң iшiне бойлай енiп, оны санқырынан жарқырата көрсеттi.

Бірде республиканы ұзақ жылдар басқарған Дiнмұхамед Қонаев: - «Камалды мен көптен бiлемiн, мен сенi телеэкраннан екi-үш рет көрдiм. «Ритм» операциясы» деген хабарыңды көргем. Қазақ телевизиясының жағдайы жалпы жаман емес. Бiз оларға қажеттiң бәрiн берiп жатырмыз. Бiз оны қолдан келгенше нығайтып жатырмыз. Дегенмен хабарлардың сапасын жақсарта түсу керек. ... Сол жағын қарастыр»,–дегенде, – Бұл маған оңай емес. – ... Мүмкiн адамдардың қарым-қатынасын бiрден бiле бермейтiн шығармын, бiрақ мен шығармашылық-техникалық ұйымдастыру жақтарынан жинаған бар тәжiрибемдi жоғалтып алмай, қайта байыта түсуге ұмтыламын». Ел басшысының өзiне жүктеген мiндетiн абыройлы орындады. Ғ.Шалахметов телерадиокомитетке басшылық жасаған кезеңде Қазақстанды Одақ көлемiне ғана емес, оны әлемге танымал еттi. Одақ көлемiнде өндiрiс саласынан хабарлар даярлап, оны экранда жүргiзетiн тележурналистердiң Ғ.Шалахметов мектебiнен үйренгендерi, тәлiм алғандары аз болған жоқ.

Қоғамдық өндiрiстi дамыту, оның тиiмдiлiгiн арттыру сияқты нарықтық экономиканың өзектi мәселелерiн жүйелi түрде жазып, көрсету әрбiр журналистiң көп ойланып, терең толғанып, ұзақ iзденiп, жан-жақты шығармашылық iзденiске түсуiн талап етедi. Күн сайын көгiлдiр экранда нақты iске бел шеше кiрiсiп, жаңаша iзденiс, iс-қимыл танытып жатқан рухани iзгiлiктi, пайым-парасаты мол тележүргiзушiлердi көрермен қауым көбiрек iздейдi. Сол шақтың бағдарламаларында уақыт талабына сай икемдiлiк, шапшаңдық танылып, фактiлердi ойната беру басым. Сондықтан да қай кезеңде де экономикалық тақырыптарға жазатын журналистердiң ой-пiкiрлерiнде терең талдау мен әлемдiк экономика деңгейiндегi мол бiлiмдарлық керек-ақ. Өндiрiстегi жұмыскер мен инженер-техниктiң iс-қимылына, әрекетiне бағытталған зерттеулерде психологиялық проблемаларға жан-жақты баға берiлуi тиiс.

Мемлекетаралық «Мир» телекомпаниясы «Бiрiншi басшы» атты деректi телесериалдар жасауды қолға алып, осы бағытта Қырғызстан Президентi Асқар Ақаев, Грузия Президентi Эдуард Шеварнадзамен Одақ тарағаннан кейiнгi кезеңдегi олардың ой-толғамдарымен ТМД елдерiнiң көрермендерiн қауыштырды. Асқар Ақаевпен сұхбатты фильм авторы А.Карпов жүргiздi. Ел басшысымен жүргiзiлген сұхбат түрiндегi фильмде бүкпесiз, ашық-жарқын әңгiме өрбiп, ол ел көлемiндегi ахуал, халықтың арман тiлегi, елдiң болашағы жайындағы ауқымды мәселелерге дейiн үндестi. Ғ.Мiнәжұлы әлемдiк өркениет кеңiстiгiндегi айтулы тұлғалармен эфирде иық теңестiре отырып, олармен ашық-жарқын сұхбат құрды. Олардың арасында сегiз жыл бойы ЮНЕСКО-ның бас директоры болған, Нобель сыйлығының иегерi, испандық биолог Федерико Майор, АҚШ-тың бұрынғы президентi Джим Картер, Американ журналистикасындағы алдыңғы қаламгерлер тобындағы Пьер Сэлинджер, адамзаттың айтматовы Шыңғыс Айтматовтармен кеше мен бүгiн және ертеңгi күннiң ғаламдық мәселелерi тiлге тиек болды. Осының бәрiнде де Ғадiлбектiң көп оқығаны мен поэзияға құмарлығы және әлемдiк әдебиет пен өнер туындыларынан мол білімдарлығы оны әрдайым қиын жерлерде тығырықтан шығарып отырды.

Қай кезеңде де тумысында жаңалыққа жаны құмар, бiлiмпаз, телеөнердiң шын жанашыры әрi Одаққа белгiлi телетұлғалардың бiрi әрi бiрегейi – Ғадiлбек Шалахметовтiң телеэкрандағы ерен істері Қазақ теледидарының әлемдiк өркениеттiң көшiне қосылу жолындағы ауқымды iстерiнiң бiр бөлшегi ғана.

Қайрат САҚ,

Л.Н. Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университеті

Журналистика және саясаттану факультетінің

деканы, профессор

Журналистика деген тек сөйлеу ғана емес, тек жазу ғана емес. Журналистика – көрілмейтінді көрілетін ету, ел көрмегенді көре білу, оны көрсете білу өнері. Бұл өзінің осы табиғатынан туындайтын қиындығымен қатар, түрлі техникалық жабдықтардың да сапалысын қажет ететіндігімен ерекшеленеді.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің Журналистика және саясаттану факультеті ашылғанда болашақ БАҚ тілшілері мен редакторлары болып шығатын білім алушылар үшін арнайы оқулықтармен қатар, теорияны тәжірибемен ұштастыра сабақ өткізетін замануи техникамен жабдықталған жаңа телестудия да қажет болды. Оны қайдан аламыз? Сатып алу деген қыруар қаржыны қажет етеді. Ол қаржыны сұрау керек. Оған рұқсат алу керек. Ондай қаржы қашан беріледі? Осындай ұзын-сонар сұрақтың соңында сандалып жүргенде сол кезде біздің университетке қызметке келген профессор Ғаділбек Шалахметов мәселені тез-ақ шешіп берді. ҚР Президенті Телерадио кешеніндегі телестудия жабдықтары жаңасымен алмастырылып жатыр деген хабарды естіп, Ғадекең сол жердегі бұрыннан таныс адамдармен сөйлесіп, бұрынғы жабдықтарды университетте жаңадан ашылып, аяғынан қаз-қаз тұрып келе жатқан журналистика және саясаттану факультетіне беруді сұрап, ректорымыз Е.Б.Сыдықовтың қолдауы мен қамқор көңілінен шыққан арнайы хат дайындап, алып барды. Ал ол қандай жабдықтар дейсіз ғой? Бірнеше телекамера, монтаж жасау столы, микрофондар, дыбыс жазу қондырғысы, жарық түсіргіш және телеқойылым түсіргіш крандар, суфлер, тағы басқа толып жатқан жабдықтар. Яғни, толыққанды телестудия. Ғадекеңнің алып барған хатына рұқсат берген жауап та тез келді. Сөйтіп факультетімізде толық жабдықталған «Оқу студиясы» ашылды. Қазір бұл студия студенттеріміз бен магистранттарымыздың түрлі телесюжеттер жасап, монтаждау өнерін үйреніп, дыбыс жазуды меңгеріп, болашақта мықты маман болып шығуларына қызмет етуде.

Ғаділбек Мінәжұлы Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі қызметін атқара жүріп, осы студияда білім алушыларға тележурналистиканың қыр-сырын үйретті.

Ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастырылуы шарт. Ғаділбек Мінәжұлының тұла бойынан осы қасиеттердің лебі есіп тұрады. Факультетімізде төбе бидің бірі атанған Ғадекең өзі басқарған кафедрасындағы оқытушылардың ақылшы ағасы, әрі сырласы және сыйласы бола білді.

«Еңбегіне қарай - құрмет, жасына қарай - ізет» дейді халық даналығы. Ата дәстүрден айнымай, ашылуына еңбегі әбден сіңген сол «Оқу телестудиясын» университет басшылығы Шалахметов Ғаділбек Мінәжұлы атындағы студия деп атауды ұйғарып, қайта ашуға дайындық жасау үстіндеміз. Әлемді дүрліктірген індет тоқтап, карантиннен шыққан жайбырақат күнде оны салтанатты түрде ашу жоспарымызд да бар.

Ғұмырдариясы ғибратты Ғадекеңе бейнетті еңбегінің зейнетін ұзақ көруіне тілекшіміз!

Махат Садық

ҚР еңбек сіңірген қайраткері

1992 жыл. Қазақ радиосының Парламеттік тілшісімін. Офис Алматыдағы Желтоқсан көшесінің 177 үйінде. 3-ші қабатта радио қызметкерлері. Ал, 4-ші қабатта Баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдары Министрінің бірінші орынбасары – Қазақ мемлекеттік телерадиохабар тарату компаниясының Төрағасы Ғаділбек Шалахметов және компания басшылары. Төрағамен баспалдақта, лифтіде күн ара кездесіп қаламыз. Жүзі жылы жан.
Қазақ редакциясындағы жастар толық баспанасыз. Ол кезде айына бір-екі рет командировкаға шығу міндет. Сапарлатып елге жиі қатынаймыз. Қонақ үй ақшасы жабылмай қарызбен қайтамыз. Содан, отыз метр жердегі Төрағаның қабылдау бөлмесіндегі апайдың шығып кеткенін аңдып тұрып, Ғаділбек ағаға төтесінен басып кіреміз. Ондағымыз іссапарда қонақ үйге берілген қаржыны жабатын құжатымыз болмай, бухгалтерияға қарызымызды қайтармауға «рұқсат» деген қолын алып шығу. Ол Төрағаның ғана құзырында. Арызымызды алдына қойғанда, Төраға көзілдірігін көтеріп қарайды да: «Үйің жоқ қой»-, деп сұрайды. «Жоқ» дейміз. «Ала ғой», дейтін «рұқсатын» жазып беріп...
Сол жылдардағы бір палаталы Парламентте 360 депутат бар. Күнде сағат 10 мен 12.30 аралығында пленарлық отырыс. Мен де ертеңгілік үйден шығып, Алматыдағы қәзіргі Астана алаңындағы Жоғарғы Кеңеске бірден тартам. Министрлердің де жартысы сонда. Өйткені, Депутаттардың өкілеттігі мықты. Министр болам дегендер Президент Жарлығынан соң, депутаттардың 51% қолдау дауысын алуың керек. Әйтпесе, министрлік портфельге ие болмайсын. Ондай жағдайды да көрдік.
Совет Одағының тараған кезі. Елде инфиляция. Депутаттар Үкіметті сынағанда жерден алып жерге салады. Бір күні келсем, Премьер-министр Терещенко оставкаға кетсін деп шулап жатыр. Жаспыз, мәртпіз. Қырып сөйлеген екі депутатты жазып алып, түске қарай редакцияға жеттім. Бір мен екі аралығында тікелей эфирдегі «Тәулік тынысы-Панорама дня» бағдарламасына Парламент жаңалықтарымен төрт минут шығуға рұқсатым бар. Тездетіп депутатар сөзін дайындап, тікелей эфирге шықтым. Депутаттармен жарысып, Үкіметті сөзім жеткенше сынап, Премьер-министр Терещенко оставкаға кетсін деп бірнеше рет айтып-айтып жібердім. Бұған дейін де талай Министрдің тас-талқанын шығарып, түбін түсіріп айтуға дағдыланып қалғанбыз...
Өмірде мұндай да кездейсоқ сәйкестік болады екен. Мен эфирде Терещенконы «оставкаға» жіберіп жатқанда, Премьер-министрдің көлігінде қатар отырып, Төрағамыз әуежайға бара жатады ғой. Шопыры радионы қосып қойған. Фамилиясы мен оставка деген сөзді естіген соң, Премьер репортажыма құлағын түреді. Қазақшасын да Шымкетте жүргенде қатырып алған. Мен сөзімді бітіріп эфирден шыққан кезде, Терещенко да көлігін тоқтатады.
- Ғаділбек шық. Мен емес, сен кеттің оставкаға -, дейді кіжініп.
Ғаділбек Мінәжұлы көшеде жүрген қара жаяу емес. Жетпісінші жылдары, Терещенко совхоздың директоры болып жүргенде, Совет Одағының ең мықты тележурналисі танылып, Мәскеуден Бас бәйгеге, Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атағын алған республикаға белгілі тұлға.
-Сергей Александрович, мен сізге қаншама рет ескерттім. Қәзіргі жағдайда жеке меншікке радиостанция беру дұрыс емес деп. Мынау, өткенде өзіңіздің арнайы Қаулыңызбен Сергей Дувановқа рұқсат берген «МАКС» радиосы. Олар маған қарамайды, - дейді.
Терещенко сабасына түсіп, Дувановты бір сыбап алады. Радио «МАКС» қазақша бір ауыз сөз айтпайтынын Премьер-министр қайдан білсін. Дувановтан сұраса да ол ақтала алмас. Олар билікті оңды-солды сынағанда, біздер шаңына ілесе алмайтынбыз.
Премьер-министрмен Москва сапарынан оралған соң, Төраға кабинетіне шақырған.
- Айналайын, Министрлер мен облыс басшыларын сынай бер. Тек Премьер-министрді «отставкаға» жібергеніңді қой,- деген...
Баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдары Министрінің бірінші орынбасары – Қазақ мемлекеттік телерадиохабар тарату компаниясының Төрағасы Ғаділбек Шалахметов қашанда журналистерінің нағыз қамқоршы әкесіндей болған Азамат.
Бірнеше жыл Москвада Халықаралық «МИР» телерадиокомпаниясының президенті болды.
Бүгінде де Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі.
Жас журналистердің ұлағатты ұстазы.



Автор Махат Садық
Басты сөздер: Қоғам,
Жоғары қарай