Ауа райы
Астана 30 °С
Алматы 30 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда облысындағы коронавируспен күрес шараларын мәлім етті

2020 жылдың 7 шілде 2020 12:59

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында COVID-19 індетімен күреске бағытталған бірқатар шара қабылдануда. Бұл жөнінде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова брифингіде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өздеріңіз білесіздер, жақында ғана Мемлекет басшысы осы індетпен күресу мақсатында алдымызға нақты тапсырмалар жүктеді.

Осы тапсырмаларды орындау және аймақ халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 5 шілдеден бастап Бас санитарлық дәрігердің қаулысымен облыста қатаң карантин режимі енгізілді.

Осыған орай, мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдары, квазисекторлық ұйымдар, барлық ауруханалар мен емханалар күшейтілген тәсілмен жұмыс жасауға көшті», - деді облыс әкімі.

Кеше өңір басшысы жағдайды қайта бағамдап, қаладағы бірқатар ауруханалар мен дәріханаларды аралап шықты. Туындаған кейбір мәселелерді жедел шешу жолы қарастырылды.

«Мәселен, инфекциялық және провизорлық төсек-орындарын арттыру бағытында өңірімізде инфекциялық стационарда 515, провизорлық стационарда 1730 төсек-орын болса, қазіргі таңда Облыстық фтизиопульмонология орталығы базасында қосымша 120 орынға инфекциялық және Шалқия елді мекенінде 30 орындық провизорлық стационар ашу жұмыстары 2 күнде жүзеге асырылады.

Орын тапшылығы жоқ. Егер қажеттілік туындаған жағдайда жеке клиникаларды да оңтайландырып пайдалануға келісіміміз бар», - деді ол.

Г.Әбдіқалықованың айтуынша, сондай-ақ өкпені жасанды желдету аппараттары мен оттегі баллондарының жетіспеушілігін шешу бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде.

«Кеше медицина мекемелерін аралау барысында бірқатар аурухана басшылары негізгі проблемалардың бірі ретінде, оттегі баллондарының жетіспеушілігін атап өтті.

Осыған орай, ауруханаларды үздіксіз, жеткілікті көлемде оттегі баллондарымен қамтамасыз ету үшін өндіруші мекемелермен бірлесіп жұмыс жасау туралы сала басшылары мен қала, аудан әкімдері барлық мүмкіндіктерін пайдалануда.

Сонымен қатар, облыстық көпбейінді аурухана жанынан оттегі өндіретін цех салу жұмыстары қолға алынып, облыстық бюджеттен 80 млн теңге қаржы бөлінді», - деді облыс әкімі.

Маусым айында облыста қолданыста болған өкпені жасанды желдетуге арналған 76 аппаратқа 20 портативті аппарат қосымша сатып алынды. Тағы 63-іне өтінім берілді. Одан бөлек, осы аппараттарды алуға жергілікті кәсіпкерлер қолдау білдіруде.

Бүгінге дейін Қызылорда облысында коронавирус инфекциясына шалдыққан 1456 адам тіркелген. Оның ішінде 950 адам сырқатынан жазылып, үш адам қайтыс болды.


Жоғары қарай