Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Германиялық компания Жамбыл облысында құны 810 млрд теңге болатын комбинат салып жатыр

2021 жылдың 18 сәуір 2021 09:04

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жамбыл облысы Қордай ауданында жаңатау-кен металлургия комбинатының қазығы қағылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің Telegram каналына сілтеме жасап.

Жобаны «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қолдауымен «Monterra Group AG» (QuestaCapital GmbH) герман компаниясы жүзеге асырады. Құрылыстың салтанатты ашылу рәсіміне ГФР-дің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Тилло Клиннер, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, «Monterra Group AG» Басқарма төрағасы Кристиан Граф Фон Страхвитц, сондай-ақ «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ сервистік қолдау департаменті директорының орынбасары Марат Есенов қатысты.

Жобада 5 млн тоннаға дейін кен өндіру мен өңдеу жоспарланған. Жобаны іске асыру 3 кезеңен тұрады. Инвестицияның жалпы көлемі 810 млрд теңгені құрайды. Пайдалануға берілгеннен кейін комбинатта 2800-ден астам адам жұмыспен қамтылады. Жобаны іске асыру мерзімі 2049 жылға дейін есептелген.

«Бүгінде «Монтерра Қазақстан» компаниясының бағалы металдарды өңдеу және алтын кен орындарын игеру бойынша ірі өнеркәсіптік нысанының негізі қаланды. Біз бұл жоба өңірдің әл-ауқатын жақсартуға мультипликативті әсер береді - жергілікті халықты жұмыспен қамтып, аралас салаларды дамытуға ықпал етеді деп сенеміз», - деп атап өтті Алмас Айдаров.

Инвесторлардың айтуынша, кәсіпорын Доре қорытпасында алтын өндіруді жоспарлап отыр. 1 кезекті жүзеге асыру аясында –жылына 1 тоннаға дейін. Екінші кезеңді жүзеге асыру жылына 5 тоннаға дейін өндіруге мүмкіндік береді. 3-кезеңде «Monterra Group» компаниясы жыл сайын 10 тоннаға дейін алтын шығаруды жоспарлап отыр.

Айта кету керек, қолданыстағы заңнамаға сәйкес осы қымбат металды елден шетелге шығаруға тыйым салынған.

«Барлық жұмыстар экологияның барлық талаптарын, заманауи технологияларды қолдануды, қауіпсіздік техникасы ережелері мен нормаларын ескере отырып, жоғары деңгейде жүргізілуде. «Monterra Group» жұмысындағы негізгі басымдық – бұл тұрақты даму, сондықтан қоршаған ортаны қорғау жөніндегі барлық міндеттер халықаралық және еуропалық стандарттарға сәйкес іске асырылады. Біз экологияны қорғауға барынша жауапкершілікпен қараймыз және геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу кезеңінде Қазақстан мен Германияның мамандандырылған ұйымдарын тарта отырып, үнемі экологиялық мониторинг жүргіземіз», - деп мәлімдеді Кристиан Граф Фон Страхвитц.

Қаратас-Майбұлақ алаңы учаскелеріндегі кен орындарында өндіру жерасты тау-кен қазбаларына өтетін ашық карьерде жүзеге асырылатын болады. Өндірілетін кендерде көміртекті материалдың, күшән мен полиметалдардың көп болуына байланысты жобада Еуропада қолданылатын алынған концентраттарды өңдеудің заманауи технологиялары (Albion Process) қолданылады.

«Өз тарапынан KAZAKH INVEST осы ірі жобаны іске асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Германиялық бизнесмендер инвестициялық келісімшарт жасасуды жоспарлап отыр, оның аясында бірқатар жеңілдіктер мен преференциялар алады. Бұл жоба бағалы металдарды қайта өңдеу саласындағы өңірдің әлеуетін бағын ашуға көмектеседі, жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсартады және Қазақстан мен Германия арасындағы іскерлік және достық байланыстарды нығайтуға қосымша серпін береді», - деп хабарлады «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ сервистік қолдау департаменті директорының орынбасары Марат Есенов.

Айта кетейік, «Monterra Group AG» компаниясы 2020 жылы Жамбыл облысының экономикасына 2,3 млрд теңгеден астам инвестиция салды. Биыл инвесторлар шамамен 7 млрд теңге салуды жоспарлап отыр.


Жоғары қарай