Ауа райы
Астана -20 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Герхард Шрёдер: Нұрсұлтан Назарбаев әзіл араластырып сөйлеп отыратын

2020 жылдың 1 желтоқсан 2020 12:08

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Германия Федеративті Республикасының бұрынғы Федералды канцлері Герхард Шрёдер Нұрсұлтан Назарбаевпен ең алғаш рет 2001 жылы 1 қазанда кездескен екен. Назарбаевтың сол кезде Германияға мемлекеттік сапармен келген кезі. Дәл сол жылғы 11 қыркүйекте Нью-Йорктегі террористік актінің салдарынан әлемдегі саяси ахуал едәуір күрделеніп тұрған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ол тұста Қазақстанның да, Германияның да алдында терроризм қаупіне қарсы ортақ міндет тұрған еді. Жалпы Нұрсұлтан Назарбаевтың терроризмге қарсы күреске халықаралық деңгейде күш салғаны мәлім. Одан бұрын да Назарбаевтың Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларынан хабарым бар-тын. Қазақстан тәуелсіздік алмас бұрын ол атом қаруынан бас тартып, аймақтық және жаһандық деңгейдегі қауіпсіздікке зор үлес қосты. Мен оның бұл бастамасын қатты бағалаймын, өйткені бұл шынында да құрметке лайық», - дейді ол.

Немістің қоғам қайраткері ә дегеннен Елбасымен ойы бір жерден шығып отырғанын еске алады.

«Ол кісі әзіл араластырып сөйлеп отырады екен. Бірақ сонымен қатар Назарбаевқа сенуге тұрарлық адам екенін ұға бастадым. Егер ол «иә» немесе «жоқ» десе, оның айтқаны екіұшты мағына білдірмейтін. Осы қасиеті әлі бойында екенін атап өту керек», - деп еске алады өткен шақты экс-Федералды канцлер.

Герхард Шрёдер мемлекет басшыларының достығы өте маңызды екенін атап өтеді. Себебі басшылардың бір-біріне сенімі өзара түсіністікке жол ашып, халықаралық саясаттағы валюталардың бірі саналады. Егер мемлекет басшылары бірін-бірі жақсы таныса, оларға жан-жақты позицияларды қысқартуға толық мүмкіндік бар. Әртүрлі мемлекетте әртүрлі позиция бар, бірақ компромисті қашан да тауып алуға болады.

«Нұрсұлтан Назарбаев компромиске қашан да дайын адам. Ол кісі күш салмаса, Германияда ғана емес, Қазақстанда да заңсыз есірткі айналымына қарсы күресте жетістіктерге жету мүмкін болмас еді. Елді жаңғырту барысын қалай талқылағанымыз әлі күнге дейін есімде. Шынында да, бұл бағытта керемет нәтижелерге қол жеткіздік. Батыс кейде Қазақстанның ерекше ашықтығымен әрі діни тұрғыда әртүрлілігімен ерекшеленетінін ескермейді. Мен католиктік және евангелисттік қауымдастық өкілдерімен сөйлестім. Олардың барлығы бірдей пікірде. «Қазақстандағы діни сенім бостандығы маңызды деңгейде. Мұның бәрі Қазақстанның Тұңғыш Президенті саясатының арқасы» дейді олар. Бұл ерекше құрметке лайық, өйткені мұсылманы басым мемлекеттер діни ашықтықтың осындай дәрежесін көрсете алмайды», - дейді Герхард Шрёдер.

Қазақстан мен Германияның арасында сол кезден бастап ерекше қарым-қатынас орнаған. Тоқсаныншы жылдардан бері Қазақстаннан Германияға мыңдаған неміс оралды. Сонымен қатар тарихи отанына оралмай, қазақ жерін пана тұтып қалған немістердің де саны аз емес. Герхард Шрёдердің айтуынша, бұл – елдегі тұрақтылыққа баса мән берген Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы. Германияның бұрынғы канцлері саясаттың осы бағыты Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығында да жалғасатынына сенім білдіріп отыр.


Жоғары қарай