Ауа райы
Астана -14 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Гаухар Алдамбергенова: Басты міндет – карантин ережелерін қатаң сақтау

2020 жылдың 10 шілде 2020 00:21

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы пандемияға орай елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты телевизиялық үндеуі халықты сабырға шақырады, - дейді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова.

«Қазақстанда ауырғандар саны айтарлықтай көп, қайтыс болғандар да аз емес. Осыған орай Мемлекет басшысы 13 шілде – Ұлттық аза тұту күні болып белгіленгенін атап өтті. Бұл – аты жаман індеттен о дүниелік болған отандастарымыздың, асыл азаматтарымыздың алдындағы парыз деп ұғынған абзал. Сонымен қатар Президент қазақстандықтарды екі аптаға белгіленген карантин шараларын қатаң сақтап, саналы түрде әрекет етуге шақырды»,- деп атап өтті ректор.

Президенттің айтуынша, ережелерді ескергенде ғана нәтиже болмақ.

Бұл орайда Мемлекет басшысы коронавирустың таралуына байланысты денсаулық сақтау жүйесіне көп ауыртпалық түскендігін атап өтті. «Дегенмен, қалыптасқан жағдайға қарамай, мемлекет тарапынан барлық қажетті шаралар қабылданып жатқандығын да ескерген ләзім».

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Қасым-Жомарт Тоқаевтың дәрі-дәрмектің жеткіліксіздігі жайына айтқан ойларын да құптап отыр. «Шындығын айтқан жөн, бүгінде медициналық препараттардың дәріханаларда болмауы жұртшылықтың ашу-ызасын тудырып жатқаны рас. Бар болған күннің өзінде бағасының бірнеше есе көтерілгендігі турасында әлеуметтік желіде жазылып та, айтып та жатыр. Президент қажетті дәрі-дәрмектер қорының көбейетіндігін, оның бағасын негізсіз өсіріп, қиын-қыстау күндерде пайда табуды көздегендер заң шеңберінде жазаланатындығын жеткізді. Бұл тарапта нақты тапсырмалар беріліп, жұмыстар күшейетіндігін мәлімдеді. Мемлекет басшысы телеарналар арқылы дәрігерлердің кеңесі көптеп берілуі қажеттігін де атап өтті», - деді ол.

«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы 9 шілдеден бастап тікелей эфирде «Теледәрігер» жобасын бастайды. Еліміздің білікті дәрігерлері бес күн бойы тікелей эфир арқылы көрермендермен байланысқа шығып, әлемді жаулаған коронавируспен күресудің жолдарын түсіндіреді. Бағдарлама сұрақ-жауап форматында ұйымдастырылып, студияға келген мамандар тек көрермен тарапынан келіп түскен сауалдарға жауап береді.

«Негізгі мақсат – ел тұрғындарына, әсіресе шалғай ауыл-аймақтағы көрерменге қазіргі күрделі ахуалға байланысты күнделікті медициналық кеңес беру. Дәрігерлер тікелей эфир барысында COVID-19 вирусы мен өзге де аурулардан сақтану мен алдын алу шаралары, емдеу тәсілдері туралы нұсқаулық береді. Қолға алынып жатқан іс-шаралардың көздеген мақсаты бір. Аты жаман індетті ауыздықтау, ұлт саулығын қалыптастыру, азаматтарды аурудан арашалау», - дейді Гаухар Алдамбергенова.

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы пандемияға орай елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты телевизиялық үндеу жариялаған болатын.


Жоғары қарай