Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Гандболдан әлем чемпионаты: Қазақстан бүгін Швециямен кездеседі

2021 жылдың 9 желтоқсан 2021 19:20

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін гандболдан әлем чемпионаты негізгі сатысында Қазақстан қыздар құрамасы Швециямен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ойын елорда уақытымен 01:20-да басталып, Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Швеция құрамасы бұдан бұрын 2020 жылы Токио Олимпиадасында төртінші орын алды. Әзірге әлем чемпионатындағы ең жоғары жетістігі ретінде 2017 жылы 4 орын алғанын айтуға болады.

Еске салсақ, ұлттық құрама іріктеу сатысында С тобында сынға түсті. Қарсыластары - Норвегия, Румыния және Иран құрамалары. Норвегия мен Румынияға есе жіберіп, Иран құрамасын тізе бүктірді. Осылайша өз тобында үшінші орынмен жарыстың негізгі сатысына жолдама алды.

Енді аталған топтағы үштікке іліккен құрамалар D тобындағы Нидерланды, Швеция және Пуэрто-Рикомен екінші топқа біріктірілді. Жарыс ережесі бойынша енді әрбірі бұрын кездеспеген қарсыласымен кездесу өткізеді.

Қазақстандық гандболшылар бүгін Швециядан өзге енді 11 желтоқсанда Нидерландымен кездессе, 13 желтоқсанда Пуэрто-Рикомен шеберлік байқасады.

Қазақстан құрамасы бұған дейін әлем чемпионатының финалдық сатысында 5 мәрте бақ сынады. 2007 жылы – 18, 2011 жылы – 19, 2009, 2015, 2019 жылдарда 22-орынды қанағат тұтты. Ал Олимпиада ойындарында 2008 жылы 10-орын алды.

Әлем чемпионаты 1-19 желтоқсан аралығында Испанияның Лирия, Кастельон, Гранольерс, Торревьеха қалаларында өткізіледі. Дүбірлі додада барлығы 32 құрама бақ сынайды.


Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Қоғам, Спорт,
Жоғары қарай