Ауа райы
Астана -13 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ғалым Шойкин: Бейбітшілік пен келісім – Қазақстанның одан әрі дамуы үшін ең маңызды шарт

2020 жылдың 19 қазан 2020 09:15

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгінгі күнде этносаралық қатынастар бүкіл әлемде өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл әсіресе Қазақстан секілді полиэтникалық мемлекеттер үшін аса маңызды. Биыл еліміздің бірқатар өңірлерінде болған оқыс оқиғалар осы саладағы мемлекеттік саясатты жетілдіру қажеттілігін көрсетті. Осы бағытта қандай жұмыс жүргізіліп жатқаны туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Шойкин әңгімелеп берді.

– Ғалым Нұрмағамбетұлы, биыл сәуір айының аяғында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің құрамында Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті құрылған болатын. Оның қазіргі уақыттағы мақсаттары, міндеттері мен рөлі туралы айтып берсеңіз.

– Ең алдымен, полиэтникалық және көпконфессиялы Қазақстанға бейбітшілік пен келісім – одан әрі өркендеп даму үшін ең маңызды шарттар екенін атап өткен жөн. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен біздің мемлекет этностар мен конфессиялар арасындағы бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін көптеген игі істер жасады. Республиканың бейбітсүйгіш ел ретінде халықаралық имиджі қалыптасты.

Елімізде тұратын этностар - Қазақстан халқының ажырамас бөлігі және олар еліміздің тең құқылы азаматтары ретінде күн сайын мемлекеттің дамуына маңызды үлес қосып келеді. Қазақстанның әр азаматы бұл біздің ортақ құндылығымыз екенін және оны көздің қарашығындай сақтай білуіміз қажеттігін түсінуі тиіс.

Сонымен қатар қазіргі заманның сын-қатерлері мемлекеттен осы саладағы шараларды үнемі жетілдіріп отыруын талап етеді. Мысалы, пандемия және оның салдарынан бүкіл әлемді жайлаған әлеуметтік-экономикалық дағдарыс тіпті Еуропа мен АҚШ-тың экономикалық тұрғыдан дамыған қоғамдарында да әлеуметтік, этносаралық шиеленістер мен төзбеушіліктер болуы мүмкін екенін көрсетті.

Сондықтан, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 29 сәуірде Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің құрылғаны заңдылық десе болады. Құрылымның мақсаты – этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін одан әрі дамытуды қамтамасыз ету. Комитет орталық және өңірлік деңгейлерде салааралық үйлестіруді жүзеге асыра отырып, осы саладағы мемлекеттік саясатты іске асырады.

Комитеттің маңызды рөлі – этносаралық саладағы мемлекеттік саясат басымдықтарының ақпарат, жастар, тіл саясатында, білім беру, мәдениет, дін, азаматтық қоғамды дамыту және тағы басқа да салаларда көрініс табуын қамтамасыз ету.

– Комитет жүргізіп жатқан жұмыстың басымдықтары туралы толығырақ айтып берсеңіз.

– Қай этнос өкілі болса да азаматтардың құқығын сақтау, кез келген кемсітушілік пен ксенофобияға жол бермеу негізгі басымдық болып қала береді.

Осы жұмысқа жаңа тәсілдерді енгізу, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарын, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдерін барынша тарту жоспарланып отыр.

Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдарының қызметі этностарды жалпымемлекеттік мақсатқа жұмылдыру үшін практикалық міндеттерді шешу бағытында жетілдіріледі.

Өз қызметімізде өңірлік жұмысты ұйымдастыруға да баса назар аударатын боламыз. Ол қызықты әрі тиімді болып, қай этнос өкілі болғанына қарамастан, тікелей адамдармен жүргізілуі тиіс. Осылай ғана, шиеленіс пен жанжалға жол бермей, этносаралық қатынастардағы мәселелерді уақтылы шешуге болады.

– Осыған дейін қандай жұмыс істелді?

– Біз этносаралық процестерді реттеу мәселелері бойынша орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың қызметінің бірыңғай басқару вертикалі мен ведомствоаралық үйлестіру жүйесін қалыптастырып жатырмыз. Ол үшін «Қоғамдық келісім» РММ министрліктің қарамағына берілді, бұдан бұрын оның негізгі қызметіне Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін қамтамасыз ету функциясы ғана кіретін.

Қазір құрылымның жұмысы қайта қаралып жатыр, этносаралық саладағы мемлекеттік саясаттың жалпы басымдықтарын іске асыру жөніндегі функционалдық міндеттер кеңейтілуде.

Өңірлерде облыс әкімдерінің ішкі саясат жөніндегі орынбасарлары әлеуметтік сала бойынша тиісті емес функциялардан босатылып, өңірлік ҚХА төрағаларының орынбасарлары болып тағайындалып жатыр. ҚХА өңірлік хатшылықтары, «Қоғамдық келісім» РММ және Достық үйлері ішкі саясат басқармаларының қарамағына берілуде.

Өңірлік ішкі саясат басқармаларында этносаралық қатынастарды дамыту бөлімдері құрылып жатыр. Енді облыстардың міндеті – жаңадан құрылып жатқан бөлімдерге саланы түсінетін, қабілетті әрі сапалы кадрларды тарту.

Біз этносаралық ахуалды талдау мен болжам жасау жүйесін құрудамыз. Бұл этносаралық шиеленістің уақтылы алдын алуға және жанжалдарға жол бермеуге көмектеседі. Орталық және өңірлік деңгейлерде талдау жұмысының бірыңғай жүйесі енгізілетін болады.

Осы мақсаттарда этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты талдау және сараптамалық тұрғыдан сүйемелдеу үшін министрлік жанындағы Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты құрылды. Қазірдің өзінде еліміздің өңірлеріндегі этносаралық проблемалардың терең зерттелуі жүргізілуде, оларды шешу бойынша нақты ұсынымдар әзірленіп жатыр. Этносаралық саладағы ең өзекті мәселелер бойынша 11 жаңа зерттеу жобасы іске асырылуда.

Этносаралық саладағы жұмыс бойынша әдістемелік ұсынымдар кешені әзірленіп жатыр, олардың бір бөлігі әкімдіктерге жолданды. Оқыту бағдарламалары әзірленді. Жергілікті әкімдік мамандарына арналған оқыту семинарларының сериясы ұйымдастырылуда. Аудандық деңгейдегі қызметкерлерді жүйелі оқытумен қамту жоспарланып отыр. Этностар арасындағы шиеленіс пен жанжалдың профилактикасы бойынша практикалық дағдылар мен білімге баса назар аударамыз.

Комитет этносаралық қатынастар саласындағы терминдер глоссарийін әзірледі, онда оларды қолдану бойынша түсініктемелер қамтылған. Бұл мемлекеттік органдардың ақпараттық және түсіндіру жұмысында бірыңғай түсінік қалыптастыру үшін қажет.

Пайдаланылатын терминдер қазақстандық қоғамның бірігуі үшін қызмет етуі тиіс. Сондықтан, еліміздің заманауи болмысына сай келмейтін терминдерден бас тарту маңызды деп ойлаймыз. Мысалға, халықаралық тәжірибеге сәйкес, Қазақстанда бір ғана ұлт бар, оған еліміздегі барлық этникалық топтар кіреді, қазақстандық этностар көп деп айтқан дұрыс.

Осыған байланысты Қазақстанда «аз ұлттар» деген термин ресми қолданылмайды. Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір газетке берген сұхбатында бәріміз бір елдің тең құқылы азаматтары болғандықтан Қазақстандағы этностарға қатысты «диаспора» сөзін қолданбау керек деген болатын.

Сондай-ақ қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету саласындағы заңнаманың сақталуын тексеру үшін БАҚ пен әлеуметтік желілерге мониторинг ұйымдастырылған. Заңнаманы бұзу фактілері анықталған жағдайда ксенофобия мен этностар арасындағы алауыздығын насихаттайтын адамдар мен ұйымдардың жауапкершілікке тартылуына бастама көтереміз.

Түрлі этностар бірге тұратын өңірлерде этносаралық шиеленістерге жол бермеу бойынша нақты жұмысты жүзеге асыру маңызды. Сондықтан, әр аудан мен ауылда этносаралық қатынастарға әсер ететін проблемаларды анықтау жұмысын бастадық. Бұл кез келген тарихи, діни, ономастикалық, тіл, білім беру, әлеуметтік-экономикалық немесе басқа да проблема болуы мүмкін. Кейіннен біз өңір әкімдіктерімен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, оларды шешу бойынша күнделікті жұмысты ұйымдастыратын боламыз.

Комитетіміздің шетелде тұратын этникалық қазақтармен өзара іс-қимылды тереңдету және байланыстарды нығайту бойынша жұмысын ерекше атап өткім келеді. Министрлікке қарасты «Отандастар» қоры оларға мәдени-гуманитарлық, ғылыми-білім беру және ақпараттық қолдау көрсетіп жатыр.

Биыл бес елде «Абай» қазақ мәдени-іскерлік үйі ашылып отыр, 12 мемлекетте қазақ жастарына ана тілін үйрететін 31 онлайн-сынып ашылды. Келесі жылдың басынан этникалық қазақтарға «қандастар» мәртебесін беру және Қазақстанда тұрақты тұру үшін рұқсат беру кезінде «бір терезе» қағидатын енгізуге дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Сұралатын құжаттар санын 46-дан 20-ға дейін қысқартамыз, барлық құжатты бұрынғыдай 5-6 мемлекеттік органға емес, бір ұйым – Халыққа қызмет көрсету орталығына тапсырады. Ал азаматтық алу мерзімі 6 айдан 3 айға дейін қысқартылады.

– Қазіргі жағдайда ҚХА рөлін қалай көріп отырсыз?

–ҚХА 25 жылдан бері қызмет етіп келеді. Шынымен де, ол кезеңнен бері еліміздегі этнодемографиялық жағдай өзгерді, қоғамның көптеген проблемаларын шешуде азаматтық қоғам институттарының рөлі арта түсті. Сондықтан, Ассамблея қызметін мазмұндық жағынан жетілдіру, этнос топтарымен жұмысына жаңа тәсілдерді енгізу мәселелері туындады. Жалпы алғанда, ол жекелеген этностардың мүддесін білдіреді деген стереотипті өзгерту қажет.

Біздің ойымызша, жаңа кезеңде ҚХА этнос топтарын біртұтас азаматтық ұлтқа біріктіретін басты институт рөліне ие болмақ. Мемлекет басшысының қазақ тілін біртіндеп этносаралық қарым-қатынас тіліне айналдыру бойынша тапсырмасын орындау функциясын ҚХА өзіне ала алады. Мемлекеттік тілді білу еліміздегі мықты біріктіруші фактор екені ақиқат.

Ол үшін қазіргі уақытта ҚХА қоғамдық құрылымдарының қызметін жобалық тәсілге көшіру бойынша ұсыныстар кешенін әзірлеудеміз. Олардың жұмысында жалпықазақстандық құндылықтар мен патриотизмді дамытуға, қазақстандық қоғамды біріктіруге, өз қызметіне үкіметтік емес ұйымдарын, жастар ұйымдары мен БАҚ-ты белсенді тартуға басты назар аудару ұсынылады.


Жоғары қарай