Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ғали Ормановтың 1939 жылғы күнделігі табылды

2021 жылдың 3 қараша 2021 18:58

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақын, аудармашы, журналист, Ғали Ормановтың 1939 жылғы латын қарпімен жазылған күнделігі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ғали Орманов Жетісу өлкесінде, қазіргі Алматы облысының Қапал ауданына қарасты Ешкіөлмес тауының бауырында дүниеге келген. Ол қазақ әдебиетіне 20-жылдардың соңғы ширегінде келген, орыстың, Шығыстың классикалық үлгілерін аударып, қазақ әдебиетінің аударма саласында да үлес қосқан. 1939-1945 жылдар аралығында Жамбыл Жабаевқа әдеби хатшылық қызмет атқарған. Көптеген өлеңдер жинағының, бірнеше поэма, әңгіме және очерктердің авторы атанған.

Ақынның жиен-немересі Айдар Қырықбайұлының сөзінше, күнделік шамамен 1939 жылы жазылған.

«Күнделік латын әліпбиімен жазылған. Сол күйі сақталып, жазуы өзгермеген. Бүгінде сол күнделік жазылған әліпбиді білетін адамдар аз екен. Сондықтан күнделікті жаңарттық. Алдағы уақытта аударуға береміз. Күнделіктің мазмұны бойынша Жамбыл Жабаевқа кімдер келген, қандай мәселелер талқыланған деген мәлімет көрсетілген. Күнделік еш жерде жарық көрмеген. Сондықтан Жамбыл атамыздың шығармашылығын зерттеуге септігін тигізеді деп ойлаймын», - деді А. Қырықбайұлы




Күнделікті Ғали Ормановтың жары Айтбала Орманова сақтаған. Кейіннен күнделік ақынның қызы Жамиға Ғалиқызына табысталды.

«Елорда мектептерінің біріне Ғ. Ормановтың есімі берілген. 2007 жылдан бері аталған мектептің алдына бюст орнату мәселесі көтеріліп келеді. Қала әкімі Бақыт Сұлтанов болғанда бюджеттен Ғали Ормановтың бюстін орнату мәселесі бекітілген де болатын. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін мектеп алдына бюст орнатылмады», - дейді А. Қырықбайұлы.




Айта кетейік, Ғ. Орманов қырғыз эпосы «Манастың» 1-кітабын, А.С. Пушкиннің, М.Ю. Лермонтовтың, Ян Райнистің, Ф.Мақтымқұлының бірқатар поэмаларын, Н.В. Гогольдің «Нева проспектісі» повесін, А.П. Чеховтың әңгімелерін, М.Тұрсын-Заденің «Үндістан балладалары» өлең кітабын, Л.Н. Толстойдың «Анна Каренина» романын қазақ тіліне аударған.

Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен Ғали Орманов аударған Л.Н. Толстойдың «Анна Каренина» романының 2 томдығы жарық көреді.


Жоғары қарай