Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Футзалдан әлем чемпионаты: Қазақстан құрамасының ширек финалдағы қарсыласы анықталды

2021 жылдың 24 қыркүйек 2021 22:45

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан құрамасының футзалдан әлем чемпионаты ширек финалындағы қарсыласы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ширек финалда 27 қыркүйекте қазақстандық футзал шеберлері Иранмен кездеседі. Ирандық құрама бүгін 1/8 финалда Өзбекстан құрамасын 9:6 есебімен тізе бүктірді.

Еске салсақ, 23 қыркүйекте Қазақстан жарыстың аталған сатысында Таиландтан 7:0 басым түсті. Сол күнгі тағы бір кездесуде Аргентина Парагвайды 6:1 есебімен жеңді.

Айта кетсек, 22 қыркүйекте Ресей Вьетнамды, Марокко Венесуэланы 3:2 есебімен жеңіп, ширек финалға шыққан болатын.

Енді бүгін, 24 қыркүйекте 1/8 финалда Испания мен Чехия, Португалия мен Сербия құрамалары шеберлік байқасады. Екі жұптың жеңімпаздары ширек финалда бір-бірімен кездеседі.

Қазір ширек финалдағы Марокко мен Бразилия, Ресей мен Аргентина, Қазақстан мен Иран құрамаларының кездесетіні анықталды.

Қазақстан құрамасы бұдан бұрын әлем чемпионаты финалдық сатысында екі мәрте бақ сынады. 2000 жылы бірінші кезеңнен аса алмаса, 2016 жылы 1/8 финалға дейін жетті.

Әлем чемпионатының финалы 3 қазанға белгіленген.



Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Қоғам, Спорт,
Жоғары қарай