Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Футзалдан Әлем чемпионаты: Қазақстан құрамасы жеңісін жалғастырды

2019 жылдың 24 қазан 2019 22:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футзалдан Қазақстан құрамасы 2020 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу сатысындағы екінші кездесуін Голландияға қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан құрамасы бүгінгі ойынды өте сенімді бастады. Қарсыластар қақпасына бірінші кезеңнің өзінде екі гол соғып кетті. Алғашқы голды 1-минутта Дуглас Жуниор өзінің еншісіне жазса, 15-минутта қазақстандық қақпашы Игита мергендік танытты. Есеп 2:0.

Қазақстандық футзалшылар екінші кезеңде де өздерінің мықты екенін дәлелдей түсті. Нәтижесінде қарсыластар қақпасына тағы да үш гол енгізді. Қазақстандық құрама сапынан 21 және 35 минуттарда Дуглас Жуниор екі голдың авторы атанып, кездесу барысында хет-трик жасады. Осылайша қазақстандық футзалшылар қарсыласынан 5:0 есебімен басым түсті.

Бұдан бұрын Қазақстан құрамасы Албанияны 4:0 есебімен тізе бүктірген еді. Осылайша қазақстандық футзалшылар әзірге екі ойында өз қақпасына бірде-бір гол жіберген жоқ. Кеше Голландия мен Румыния құрамалары 1:1 есебімен тең ойнады.

Әзірге Қазақстан екі ойыннан кейін 6 ұпай жинап, турнир кестесінде жеке-дара көш бастап тұр. Сондай-ақ, бүгін аталмыш топта Румыния мен Албания құрамалары шеберлік байқасады.

Әлем чемпионаты финалдық сатысы 2020 жылдың 12 қыркүйек - 4 қазан аралығында Литваның Вильнюс, Каунас және Клайпеда қалаларында өткізіледі. Онда жарыс қожайыны - Литвамен бірге Еуропадан сегіз құрама бақ сынайды. Сондай-ақ, Азиядан - 5, Африкадан - 3, Солтүстік Америкадан - 4, Оңтүстік Америкадан -3, мұхит аймағынан -1 құрама қатысуға мүмкіндік алады.

Фото:kff.kz

Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай