Ауа райы
Астана 10 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Футболдан Еуропа лигасы: Ширек финалға 2 команда шықты

2020 жылдың 6 тамыз 2020 01:05

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - UEFA Еуропа лигасы ширек финалына жолдама алған екі команда белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұндай мәртебе Украинаның «Шахтер Донецк» және Данияның «Копенгаген» командаларына бұйырды. Екеуі де бүгін өз алаңында қарсыластарын жеңді

Украинаның «Шахтер Донецк» клубы өз алаңында Германияның «Вольфсбург» командасын қабылдады. Екеуінің арасындағы алғашқы кездесуде украиндық футболшылар сырт алаңда 2:1 есебімен жеңіске жетті. Сондықтан олар үшін бүгін тең есепті ұстап тұру жеткілікті еді. Украиндық клуб кездесу аяқталар сәтте қарсыластар қақпасына қатарынан үш гол соқты. Алдымен 89-минутта Жуниор Мораес есеп ашса, 91-минутта Манор Соломон есепті үстемелей түсті. Ал 93-минутта Жуниор Мораес екінші голын соғып қорытынды есепті белгіледі. Осылайша «Шахтер Донецк» қарсыласын 3:0 есебімен тізе бүктірді. Енді олар 11 тамызда «Базель» (Швейцария) және «Айнтрахт Франкфурт» (Германия) жұбының жеңімпазымен кездеседі.

Тағы бір кездесу Данияда өткізілді. Жергілікті «Копенгаген» өз алаңында Түркияның «Истанбул Башакшехир» командасын қабылдады. Алғашқы кездесуде түркиялық футболшылар 1:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Алаң иелері қатарынан 4-минутта Йонас Винд есеп ашты. Осылайша қос ойынның нәтижесі теңесті. Кездесу тартысты өрби түсті. Даниялықтар одан кейін тағы екі гол соқты. Йонас Винд 53-минутта екінші голдың авторы атанса, 62-минутта «Копенгаген» клубының тағы бір ойыншысы Расмус Фальк есепті үстемелей түсті. Ойында «Копенгаген» 3:0 есебімен жеңіске жетті. Енді олар 10 тамызда Англияның «Манчестер Юнайтед» және Австрияның ЛАСК жұбының жеңімпазымен шеберлік байқасады.

Сондай-ақ, бүгін тағы да екі ойын өткізіледі. Өз алаңында Англияның «Манчестер Юнайтед» клубы Австрияның ЛАСК, Италияның «Интері» Испанияның «Хетафе» командаларын қабылдайды.

Еуропа лигасы ойындары ертең де жалғасады https://www.inform.kz/kz/futboldan-europa-ligasy-kayta-zhalgasady_a3680211. Бұл күні «Севилья» (Испания) және «Рома» (Италия), «Байер» (Германия) және «Глазго Рейнджерс» (Шотландия), «Вулвергемптон Уондерерс» (Англия) және «Олимпиакос Пирей» (Грекия), «Базель» (Швейцария) және «Айнтрахт Франкфурт» (Германия) командалары шеберлік байқасады.

Естеріңізге сала кетелік, коронавирус пандемиясы салдарынан аталған доп додасының 1/8 финалының қарымта ойындары 12 наурыздан кейін белгісіз мерзімге кейінге шегерілген еді. Сол ойындар, бүгін 5 тамыздан бастап қайта жалғасты.

Жарыстың ширек және жартылай финал ойындары Германияның Гельзенкирхен, Дуйсбург, Дюссельдорф, Кёльн қалаларында өткізіледі. Ал финал 21 тамызда Кёльн қаласындағы «Рейн Энерги» стадионында болады.


Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай