Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Футболдан Еуропа чемпионаты: Бельгия Ресейді ойсырата жеңді

2021 жылдың 13 маусым 2021 02:56

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан 2020 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіндегі екінші ойын күнін Ресей және Бельгия құрамалары түйіндеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған матч Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өтті.

Ойын барысында қос құраманың алма-кезек шабуылы көзге түсті. Десе де бельгиялық құраманың басымдығы аңғарылып тұрды.

Бельгиялық құрама сапынан Ромелу Лукаку 10-минутта есеп ашса, 34-минутта Тома Мёнье есепті үстемелей түсті.

Екінші кезеңде ресейлік футболшылар алға қарай ұмтылды. Оған бельгиялықтар өз деңгейінде қарсылық көрсетті. Кейбір сәттерде олар да басымдығын арттырды. Ромело Лукаку 88-минутта тағы бір мәрте мергендік танытып, кездесудің нүктесін қойды. Осылайша Бельгия қарсыласынан 3:0 есебімен басым түсті.

Еске салсақ, екі құрама В тобында сынға түседі. Аталған топта Финляндия Даниядан 1:0 есебімен басым түскенін бұған дейін жазған болатынбыз.

Бұл топтағы келесі кездесу 16 және 17 маусым күндері өткізіледі. Алдымен 16 маусымда Финляндия мен Ресей жасыл алаңға шықса, 17 маусымда Дания мен Бельгия күш байқасады.

Биылғы біріншілікте барлығы 24 құрама сынға түседі. Әрбір топтан үздік екі команда мен көрсеткіші жоғары төрт құрама жарысты жалғастыруға мүмкіндік алады. Ойындар дүбірлі дода тарихында тұңғыш рет Еуропаның 10 мемлекетінде орналасқан 11 стадионда болады. Бұл Еуропа чемпионатының 60 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған.

Футболдан Еуропа чемпионаты 11 маусымда басталды, 11 шілдеде мәресіне жетеді.


Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт, Қоғам,
Жоғары қарай