Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Футбол клубтарын мемлекеттен қаржыландыруды тоқтату қажет - Қазыбек Иса

2021 жылдың 17 қараша 2021 14:05

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында депутат Қазыбек Иса еліміздің футбол спортындағы кемшіліктерді айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үш күн бұрын футболдан әлем чемпионатына іріктеуде Қазақстан командасының Франциядан 8:0 болып, футбол тарихындағы масқара есеппен жеңілуі елдің қатты наразылығын тудыруда. Баспасөзде аймақтардағы футбол клубтарына 71 млрд теңге жұмсалғаны, тек «Астана» клубының өзіне 15 млрд теңге бөлінгені жарыса жазылуда. Бірақ нәтиже қайда?! «Футбол федерациясының бас хатшысы біз бюджеттен қаражат алмаймыз, 200 млн теңге ғана алдық» деп жауап берді. Ал жеңілістің себебі жақсы футболшылардың тапшылығы дейді. Федерация бюджеттен көп қаржы алмаймыз дейді, бірақ миллиардтарды осы федерацияға кіретін кәсіпқой клубтар облыс әкімдіктері арқылы алуда», - деп тоқталды Қ. Иса Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған сауалында.

Депутаттың айтуынша, соңғы үш жылдағы облыстық әкімдіктердің кәсіби клубтарға бөлген қаржысының өзі аз емес, 111,2 млрд теңге. Ал федерацияға республикалық бюджеттен, УЕФА-дан, «Самұрық-Қазынадан», демеушілер берген қаржыны қосқанда, оның есебі жоқ. Өйткені ресми мәлімет берілмеген. Жақсы футболшылардың тапшы болатыны - өз футболшыларымызды дайындаудың орнына мол ақшаны шетелдіктерге жұмсап жүргеннің нәтижесі.

Осы орайда ол легионерлерге тоқтала келе, халық қазынасы қазақ футболын дамытуға емес, шетел футболшыларын байытуға жұмсалып жатқанын атап өтті.

«Қазақстан 30 жылда бір ғана стадион салса, бізден футбол бюджеті екі есе аз Өзбекстан 10 стадион салған. ФИФА рейтингісі бойынша Қазақстан 125-орында, ал ТМД бойынша футбол бюджеті ең аз Қырғызстан 96-орында. Бразилияға «алақайлап» жіберген 78 балақайдың бір де біреуі қазір футбол ойнамайды. Есепсіз миллиардтарды далаға шашамыз, бірақ гол жоқ. Ал ауылдарда қаржы тапшылығынан жол жоқ», - деді Қазыбек Иса.

Осы орайда нәтиже көрсетпей келген футболшыларға миллиардтарды босқа шашуды тоқтату керек екені айтылды.

Оның сөзіне қарағанда, кәсіби спорт, яғни футбол бизнес болып отыр.

«Ал әлемде кәсіби спорт мемлекеттің мойнына мініп алмайды. Сондықтан футбол клубтарының барлығын жекешелендіріп, мемлекеттен қаржыландыруды тоқтату қажет. Екіншіден, мемлекет қаржысы балалар мен жасөспірімдер мектептеріне, футбол мектептерін дамытуға, балалар бапкерлерін дайындауға жұмсалуы керек. Ауылдағы талантты балаларға жағдай жасау қажет. Аудандарда, қала маңында тегін футбол алаңдарын салу керек. Секциялардағы жаттықтырушылардың жалақысын педагогтармен тең еткен жөн. Осы уақытқа дейін мемлекеттен футбол саласына бөлінген қаржының есебі берілуі тиіс, өйткені ол – халықтың қаржысы», - деді депутат.


Жоғары қарай