Ауа райы
Астана -23 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 388.07
EUR 427.54
RUB 6.08
CNY 55.36

Футбол: «Ертіс» есін жинап, «Қайсар» тағы да жеңілді

2019 жылдың 15 наурыз 2019 18:02

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін еліміздің алты қаласында футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің екінші тур ойындары болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы ойын Астана қаласында өтті. Мұнда «Атырау» мен Павлодардың «Ертіс» командасы кездесті. Атыраудағы стадион ел біріншілігіне дайын емес. Сондықтан аталмыш команда өз алаңындағы кездесуін уақытша басқа қалада өткізуге мәжбүр болды. Бұл матчта жанкүйер күтпеген есеп тіркелді. «Ертіс» «Атырауды» 3:1 есебімен жеңді. Аталмыш ойында «Ертіс» сапынан Аслан Дарабаев 30, Карлос Фонсека 33, Рохер Каньяс 40-минутта қанжығасын майлады. Оған «Атырау» сапынан Ивица Жунич бір ғана голмен жауап қайырды.

Екінші ойын Шымкентте өтті. Жергілікті «Ордабасы» өз алаңында «Ақтөбені» қабылдады. Кездесу тағдырын шешкен жалғыз гол ойын соңына таман соғылды. Оны 85-минутта Алексей Щеткин өзінің еншісіне жазды. Ойында «Ордабасы» 1:0 есебімен жеңіске жетті.

Тағы бір кездесу Қызылордада жергілікті «Қайсар» мен Талдықорғанның «Жетісу» командалары арасында өтті. Кездесудің 20-минутында талдықорғандық Никита Наумов кездесу тағдырын шешкен жалғыз голды соқты.

Дәл қазір Қостанайда «Тобыл» мен «Тараз» командалары кездесіп жатыр. Бірінші кезеңнен кейін алаң иелері 1:0 есебімен басым түсуде.

Ал Алматының «Қайраты» мен Қарағандының «Шахтері» арасындағы ойын Астана уақытымен 18.45-те, ал «Астана» мен Көкшетаудың «Оқжетпесі» арасындағы кездесу 19.30-да басталады.

Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай