Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Футбол: Чемпиондар лигасы қайта жалғасады

2020 жылдың 7 тамыз 2020 15:02

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін UEFA Чемпиондар лигасы қайта жалғасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, доп додасы 11 наурыздан кейін коронавирус індетіне байланысты кейінге шегерілді. Турнирдің 1/8 финалындағы төрт ойын болып, қалған төртеуі өткізілмей қалған болатын.

Бүгін «Манчестер Сити» (Англия) және «Реал Мадрид» (Испания) клубтары кездеседі. Алғашқы ойында ағылшындық клуб 2:1 есебімен жеңіске жетті. Сондықтан испандық команда жеңіске жету жолында барын салатыны анық. Ойын «Qazaqstan» телеарнасынан елорда уақытымен 00.50-де тікелей эфирде көрсетіледі.

Тағы бір кездесу «Ювентус» (Италия) пен «Лион» (Франция) командалары арасында болады. Бұл жұптағы алғашқы ойында француз футболшылары 1:0 есебімен басым түскен еді. Жалғыз гол әзірге жарысты жалғастыратын жеңімпазды толықтай анықтай қойған жоқ. Жанкүйерлер тартысты ойын күтеді. Кездесу «Qazsport» телеарнасынан елорда уақытымен 00.50-де тікелей эфирде басталады.

Турнирдің аталған сатысындағы тағы екі ойын 8 тамызда өткізіледі. Ертең «Барселона» (Испания) мен «Наполи» (Италия), «Бавария» (Германия) мен «Челси» (Англия) командалары кездеседі.

Қазір ширек финалға шыққан төрт команда белгілі. Олардың қатарында «Лейпциг» (Германия), «Атлетико Мадрид» (Испания), «Аталанта» (Италия) және «Пари Сен-Жермен» командалары бар.

Чемпиондар лигасының қалған бөлігі Португалия астанасы - Лиссабон қаласында өтеді. Ол сегіздік финалы форматында болады. Ойындар 10-23 тамыз аралығында өткізіледі.

Естеріңізге сала кетелік, 5-6 тамызда Еуропа лигасы 1/8 финалының ойындары өтті. Ширек финалға шыққан 8 команда анықталды.


Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт, Қоғам,
Жоғары қарай