Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Футбол: Бүгін Еуропа біріншілігі басталады

2021 жылдың 11 маусым 2021 14:34

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан 2020 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңі басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүбірлі дода шымылдығы Түркия мен Италия құрамаларының кездесуімен түріледі. Ойын Италия астанасы Рим қаласындағы Олимпиадалық стадионда өткізіледі. Бұл матчта нидерландылық Данни Маккели бас қазы болса, оған отандастары Хессел Стегстра мен Ян де Врис көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші - франциялық Стефани Фраппар.

Ойын елорда уақытымен 00:50-де «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Бұған дейін екі құрама 14 мәрте кездескен. Оның 10-ында италиялық футболшылар басым түссе, 4-еуінде қос құрама тең нәтижені қанағат тұтты. Әлі күнге дейін түркиялық футболшылар аталған қарсыласынан басым түсіп көрген емес.

Еске салайық, құрлықтық дода он алтыншы мәрте өткізіліп отыр. Кәрі құрлықта 1960 жылы алғашқы Еуропа біріншілігі ұйымдастырылды. Аталған доп додасы 2021 жылы 12 маусым мен 12 шілде аралығында өткізілуі жоспарланған. Былтыр әлемді жайлаған коронавирус инфекцясына байланысты ол бір жылға кейін шегерілді. Ойындар дүбірлі дода тарихында тұңғыш рет Еуропаның 10 мемлекетінде орналасқан 11 стадионда болады. Бұл дүбірлі доданың 60 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған.

Биылғы біріншілікте барлығы 24 құрама сынға түседі. Әрбір топтан үздік екі команда мен көрсеткіші жоғары төрт құрама жарысты жалғастыруға мүмкіндік алады.

Құрамалар төмендегі топтарға бөлінген:

А тобы: Уэльс, Швейцария, Түркия, Италия;

В тобы: Финляндия, Бельгия, Ресей, Дания;

С тобы: Украина, Австрия, Солтүстік Македония, Нидерланды;

D тобы: Хорватия, Шотландия, Чехия, Англия;

E тобы: Швеция, Польша, Словакия, Испания;

F тобы: Германия, Венгрия; Португалия, Франция;

Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан Еуропа біріншілігінің ойын кестесі жарияланды.



Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай