Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 25 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Евгений Лазарчук: Экологияға қамқорлықты бала кезден қалыптастыру керек

2020 жылдың 11 шілде 2020 11:24

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Актобе, дыши!» еріктілер қозғалысының ұйымдастырушысы, эко-амбассадор Евгений Лазарчук 10 шілде күні Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент айтқан мектептерде экологиялық білім беру қажеттігін қолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ол өзінің аталған қозғалысы Ақтөбедегі мектептерде сабақтар өткізіп жүргенін мысал ретінде келтірді.

«Біз балалармен бірге емен көшетін отырғызып, оларға ағаштың пайдасы, ауа сапасы, оларсыз жер шөлге айналып, ылғал жоғалатынын айтып жүрміз. Балаларға бұл өте қызық, олар қалада ағаштарды жиірек көргісі келетіндерін айтты. Сондықтан, балаларға бала кезінен қоқыс жинау дағдыларын қалыптастырып, оларға экология мәселелерін айтып жүру керек. Мәселен, итбалықтар балық аулайтын торға қалай оралып қалатыны, құстар пластикті жұтып, өліп қалатыны. Мұндай мысалдар көп қой. Оларға көзбен көрсету керек. Егер бала осыны бір-екі рет көрсе, ол қағазды ешқашан жерге тастамайтын болады. Қазір балаларға осындай сабақтар өткізетін еріктілер ұйымдары пайда болды. Мысалы, Теміртауда оқушыларға арнап бос бөтелкелер тастайтын арнайы жәшіктер қойылып жатыр, яғни осы арқылы қоқысты жеке жинауға үйретеді. Біз экология департаментімен бірге қалдықтар тасталатын жерлерді аралаймыз, бірақ барлығын қоқыс жинауға тарту керек», - деді Евгений Лазарчук.

Ол осы мәселені шешу үшін мынадай шараларды ұсынды.

«Менің ойымша, табиғатты қорғау полициясына көп қызметкерлерді тартып, әкімшілік айыппұлдарды қатайту керек, рұқсат етілмеген жерге қоқыс тастағаны үшін жауапкершілікке көбірек тартып, қатты тұрмыстық қалдықтарды тұрақты шығаруды жолға қою қажет. Ақтөбеде бұл бұрыннан келе жатқан мәселе. Қоқыс полигонындағы мәселелер өте көп, пластиктерді қайта өңдеудің орнына көміп тастайды. Бізде пластиктерді де, шыныларды да қайта өңдейтін зауыттар жоқ. Мысалы, Еуропада адамдар ақшаға бөтелке, пакеттерді өткізіп, тауарларға жеңілдік алады. Олар осы арқылы экологияны жақсартуға көмектесіп жатқанын түсінеді. Батыста қайталама шикізет қабылдайтын арнайы автоматтар бар. Әлемде мұндай инновациялар өте көп, осыларды біздің елге де енгізу керек. Еліміздегі экологиялық жағдай мәз емес. Біз қазір республикада 10 жылға елде ағаш кесуге мораторий енгізу туралы петиция жинап жатырмыз. Себебі, жағдай өте қиын. Бір жарым аптаның ішінде петицияға 5,5 мың адам қол қойды. Бастамамызды жалғастырып, Президенттен ағаш кесуді тоқтатуды өтінеміз, өйткені елде шөлейттену жүріп жатыр. Біз ылғалды жоғалтамыз, соның салдарынан өзендер құрғап, ауадағы оттегінің мөлшері азайып, шаң аралас дауылдар болып жатыр. Мұның бәрі ағаштардың болмауынан», - деп атап өтті эко-белсенді.


Жоғары қарай