Ауа райы
Астана 27 °С
Алматы 29 °С
валюта бағамы
USD 409.98
EUR 462.21
RUB 5.75
CNY 58.43

Еуропарламент депутаты Тоқаевтың бір жылдық жұмысына қатысты пікір білдірді

2020 жылдың 3 маусым 2020 10:02

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Президент сайлауына бір жыл толуы қарсаңында Еуропарламенттің депутаты, Еуропарламенттегі «ЕО-Қазақстан» Достық тобының төрағасы Рышард Чарнецкий Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір жылдық саяси жұмысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еуропалық парламенттегі ЕО-Қазақстан Достық тобының төрағасы ретінде мен Қазақстандағы маңызды оқиғаларды үлкен қызығушылықпен қадағаладым. 1993 жылы елге алғашқы сапарымнан бастап осы уақытқа дейін Қазақстан қоғамындағы прогрессивті күштердің мықтылығын баса көрсететін үлкен прогреске қол жеткізілді», - деді Еуропарламент мүшесі ҚазАқпарат тілшісіне.

Ол 2019 жылдың 12 маусымында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті болғанын атап өтті. Өз жұмысының басымдығы ретінде Мемлекет басшысы қоғамның бірлігін, азаматтардың құқығы мен Қазақстанның ұлттық мүддесінің қорғалуын таңдағанын еске салды.

«Қазақстан Президенті өзінің сайлауалды бағдарламасында уәделердің орындалу кестесін көрсетпесе де, өткен жыл оқиғаларға толы әрі ел халқының қолдауына ие болған нақты шешімдермен толықты», - деді депутат.

Рышард Чарнецкий атап өткендей Қасым-Жомарт Тоқаев әсіресе әлеуметтік салаға баса маңыз берген. Халықтың аз қамтылған тобын қолдау үшін жәрдемақылардың өсуі, әрттүрлі апаттардан зардап шеккен халыққа көмектің көрсетілуі, пандемияның кеселінен табыссыз қалған азаматтарды қолдау сынды шаралар жүзеге асырылды. Осының бәріне де айтарлықтай ақша бөлінуде.

«Еуропада Қасым-Жомарт Тоқаевтың, шын мәнінде, теңсіздікті азайтып, әрбір қазақстандықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ерекше көңіл бөлетін, әлеуметтік мәселелерді шешуге басымдық беретін әлеуметтік мемлекет құрып жатыр деген пікір қалыптасқан. Еуропалық одақ мұқият қадағалаған Қазақстан Президентінің маңызды бастамаларының бірі - Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру болды. Онда ішкі күн тәртібіндегі ең маңызды мәселелер талқыланды», - деді Еуропалық парламенттегі «ЕО-Қазақстан» достық тобының төрағасы.

Рышард Чарнецкий Ұлттық кеңес берген ұсыныстардың негізінде елде саяси партиялар мен бейбіт жиналыстарды өткізу туралы заңдар қабылданғанын жеткізді.

«Президент Тоқаевқа бұл лауазымда үлкен сынақтармен бетпе-бет келуге тура келді. Солардың бірі - бүкіл әлемнің мазасын қашырған коронавирус пандемиясы. Бірақ шебер басшылықтың арқасында бұл індеттің жайылып кетуіне жол берілмеді. Президенттің өзі қазақстандықтарға әлеуметтік желілер мен бейне хабарламалар арқылы жолдауларында коронавируспен және басқа да өзекті мәселелермен күрестің барысы туралы - аймақ үшін бұрын-соңды болмаған ашықтық туралы айтты. Көп іс Мемлекет басшысы деңгейінде шешілді. Тіпті денсаулық сақтау саласының мәселелеріне Президенттің жеке қарауына тура келді», - дейді депутат.

Рышард Чарнецкий соңғы рет Қазақстанда екі жыл бұрын Польша атынан Еуропарламент мүшесі ретінде болғанын еске алады.

«Мен Польша мен Қазақстан арасында бұрыннан қалыптасқан қарым-қатынасты мақтан тұтамын. Совет Одағының тарихында Қазақстанда тұрған көптеген поляк азаматтары Қазақстан жайлы жылы естеліктерімен бөлісіп отырады. Сыртқы саясатта Қазақстан бұрынғыдай Еуропалық Одақпен серіктестікке ерекше назар аударып келеді. 2020 жылдың 1 наурызында ЕО мен Қазақстан арасындағы кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім толық күшіне енді. Біз тараптар осы құжаттың барлық артықшылығын толық пайдаланады деп үміттенеміз. ЕО-Қазақстан достық тобының төрағасы ретінде мен өзара қарым-қатынасымызды одан әрі дамыту үшін барлық мүмкіндікті жасаймын», - деп түйіндеді сөзін Еуропалық Парламент депутаты.

Айта кетсек, өткен жылдың қазанында Еуропарламенттің тоғызыншы шақырылымында «ЕО-Қазақстан» Достық тобы құрылған еді. Оның құрамына кіретін Еуропарламент мүшелері ЕО мен Қазақстан арасындағы әлеуметтік жә н е мәдени қарым-қатынасты дамытуды, сауда-экономикалық қарым-қатынасты кеңейтуді басты мақсат етіп алған.


Жоғары қарай